» » Бауыржан Жауынтаев миллионер атанды

Бауыржан Жауынтаев миллионер атанды

Айдар: Спорт / Сонғы жаңалықтар
Бауыржан Жауынтаев миллионер атандыАстанадағы "Сарыарқа" велотрегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қытайдың Нанкин қаласында өткен ІІ жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
"Сіздерді Қытайдың Нанкин қаласында өткен ІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында тамаша өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын лайықты қорғап келген жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты қамқорлығының арқасында спортты екпінді дамытып келе жатқан еліміздің дәл сіздердей мақтануға тұратын ұл-қыздары барлығына біз шексіз қуаныштымыз", - деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық жас спортшылар 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль ұтып алып, І жасөспірімдер Олимпиадасындағы көрсеткішін жақсартып, ресми емес жалпыкомандалық есепте 21-орынға табан тіреді.
Оның айтуынша, қазіргі Олимпиадалық ойындар әлем қауымдастығы өмірінде үлкен орын алады. Бұлар жай ғана спорттық сайыстар емес, бүгінде Олимпиада ойындары кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетін паш етеді.
"Сондықтан 200-ден астам елдің спортшылары қатысқан бәсекеге толы сайыста команда бойынша 21-ші орынды иелену - сіздер мен бапкерлеріңіздің ерен еңбегі. Сонымен қатар, сіздер спорттық резерв дайындаудағы қазақстандық жүйенің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, әлемдік дәрежедегі спортшылардың тұрақты түрде әрі үздіксіз тәрбиеленіп жатқанын көрсеттіңіздер", - деді вице-премьер.
Осыдан кейін Г. Әбдіқалықова спортшылар мен олардың бапкерлерін Мемлекет басшысының және ел Үкіметінің атынан құттықтап, қаржылай сертификаттармен марапаттады. Айта кетейік, алтын медаль әкелген спортшылар Абылайхан Жүсіповке, Мұхамбет Қуатбекке, Бауыржан Жауынтаевқа 1 млн. 820 мың теңге көлемінде, күміс медаль иегері Вадим Казаковқа 910 мың теңге, ал қола жүлдегерлерге 540 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Сондай-ақ жас спортшыларды жаттықтырғаны үшін олардың бапкерлері де қаржылай сертификаттар алды.