» » “В” лигасында екі көшбасшы

“В” лигасында екі көшбасшы

Айдар: Спорт / Сонғы жаңалықтар
“В” лигасында екі көшбасшыҚызылорда облыстық футбол федерациясының мұрындық болуымен құрылған Шағын футбол лигасы нағыз шарықтау кезеңіне жетіп қалды. Командалар бір-біріне дес берер емес. Әр ұпай үшін алаңда жанталас.
Сәрсенбінің сәтті кешінде «В» лигасының 4-тур ойындары өтті. Турдың бірінші кездесуінде осыған дейін бірде-бір ұпай жоғалтпай келген «Самұрық» қалалық мәслихаттың командасымен кездесіп, өте тартысты өткен ойын 3:3 нәтижесімен тең аяқталды. Есепті бірінші болып «Мәслихат» командасы ашқан. Әріптесінен әдемі пас алған Қуаныш Құлахметов қарсылас қорғаушыларын «Мессише» алдап өтті де, допты қақпаның сол жақ бұрышына ысыра салды. Дегенмен, «Самұрық» футболшылары еңселерін түсірген жоқ. Негізінен қарымта шабуылдарға иек артқан «самұрықтар» ақыры мақсаттарына жетті. Тіпті, таразы басын өз жақтарына аударуға да шамалары келді. Алдымен команда капитаны Қайрат Жанұзақтың алаң ортасынан қақырата тепкен добы қақпаның бір бұрышында тулап жатса, көп ұзамай, Қуаныш Мұстафаев есепті еселеді. Бірақ «Мәслихат» та қарап қалған жоқ. Толассыз шабуылдардың нәтижесінде бұлар да есепті теңестірді. Осылайша «ит пен мысық» сценариінде өткен кездесу 3:3 есебімен аяқталды.
Сол сияқты, «Орда» мен «Циркон» кездесуі де тартысты өтті. Бірақ «циркондықтардың» үш голына «Орда» ойыншылары бір ғана тура соққымен жауап бере алды. Қорытынды есеп – 3:1, «Циркон» пайдасына. Иә, бұл команда капитаны Ержан Қазбеков бастаған «Цирконның» алғашқы жеңісі. Дәл осындай есеп «Жастар.кз» пен КГЭК кездесуінде де тіркелді. Ойынның алғашқы бөлігінде КГЭК шабуылдарына төтеп бере алған «Жастар.кз» командасының қорғанысы ақыры екінші таймда түбегейлі сөгілді.
Турнир фавориттерінің бірі саналатын «Талсуат» төртінші турда Лиганың ең жас командаларының бірі «Тұлпармен» кездескен. Өкінішке қарай, Нұрдәулет Бөрібай бастаған жастардың талпыныстары және екі голы «Талсуаттан» ұпай алып қоюға жетпеді. Бірінші таймның қорытындысы бойынша 1:2 есебімен жеңіліп жатқан «аға команда» екінші таймда жастар қақпасына үш гол соғып, ойын тағдырын біржола шешіп тастады. Дегенмен, «Тұлпардың» да жігерлігін атап өткеніміз жөн. Ойын соңына дайын күштері сарқылғанша допқа таласып, «Талсуатты» әбден сергелдеңге түсірді. Бірақ қиын да болса, бұл жеңіс «Талсуатқа» турнир көшбасшысы «Самұрықты» қуып жетуге мүмкіндік берді.
Турдың соңғы ойынында «Қайрат» командасы «Жеңіс» қақпасына жауапсыз сегіз гол соғып, жағдайларын сәл де болса түзеп алды. Ал «Жеңіс» турнир кестесінің соңғы орынына түбегейлі жайғасқан секілді.
Енді «В» лигасының 5-туры келесі сәрсенбі, яғни қазанның 8-і күні өтеді.
4-тур
01.10.14 (сәрсенбі)
Самұрық – Мәслихат 3:3
Голдар: Қуаныш Мұстафаев, Қайрат Жанұзақ, Ержан Батпанов – Қуаныш Құлахметов, Мәди Ешмұратов, Кенжахмет Ыбраев
Орда – Циркон 1:3
Голдар: Айбек Ізбасқанов – Руслан Тобашев, Жарқын Жоламанов, Жүніс Әлиев
Тұлпар – Талсуат – 2:4
Голдар: Нұрдәулет Бижанов, Әлібек Теміров – Азамат Байқадамов, Қуаныш Тәжібаев-2, Айдын Есжан
Жастар.кз – КГЭК – 1:3
Голдар: Әнуар Рәтбек – Әлібек Орынбасаров, Данияр Таңатаров-2
Жеңіс – Қайрат 0:8
Голдар: Айдос Әбсат-2. Рустем Есенбеков-2. Елжас Сарыбай, Айдос Хасанов-3.
в лигасы 4 тур
Үздік сұрмергендер:
16 гол – Қайрат Жанұзақ (Самұрық)
8 гол – Әлібек Орынбасаров (КГЭК)
7 гол – Қуаныш Тәжібаев (Талсуат)
6 гол – Талант Айымбетов (Талсуат), Айтуған Бижан (Тұлпар)
 
5-тур
08.10.14 (сәрсенбі)
18:30. Қайрат – Самұрық
19:00. КГЭК – Жеңіс
19:30. Талсуат – Жастар.кз
20:00. Циркон – Тұлпар
20:30. Мәслихат – Орда
“В” лигасында екі көшбасшы