Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсардың" бапкерлігіне 2-3 бапкер ниет білдіріп отыр

"Қайсардың" бапкерлігіне 2-3 бапкер ниет білдіріп отыр«Қайсар» футбол клубындағы кадрлық өзгерістерге байланысты бүгін облыстық әкімдікте журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатына Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев, Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, сондай-ақ «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огай қатысты.
-Команданың ел чемпионатындағы нәтижелерінің төмендігі үшін бүгіннен бастап «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огай, клуб директоры Руслан Балтиев және команда басшысы Евгений Веретнов өз еріктерімен қызметтерінен босатылды. Өздеріңіз білесіздер, Дмитрий Алексеевич команда тізгінін қолына 2014 жылдың басында ұстаған болатын. Былтыр «Қайсар» Қазақстан Премьер-лигасына қайта орала салып, үздік бестіктен орын алды. Алайда биылғы маусым сәтті болмай тұр. 21 турдан кейін 17 ұпаймен 10-орында келеді. Сондықтан, облыс басшысымен ақылдаса келе клубқа өзгеріс енгізуді жөн көріп отырмыз. Біз Дмитрий Огай, Руслан Балтиев және Евгений Веретновтың алдағы қызметтеріне сәттілік тілейміз, - деді Нұржан Нұрмағамбетұлы.
-Енді команданы кім жаттықтырады?
-Бізге қазір 2-3 жаттықтырушыдан ұсыныстар түсті. Қарап жатырмыз. Жаңа бас бапкер белгілі болғанда арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, көпшілікке таныстыратын боламыз. Әзірге команданы уақытша Сұлтан Әбілдаев баптайды. Жергілікті маман, осы уақытқа дейін командада физдайындық жөніндегі жаттықтырушы болып келді. Ал клубтың директоры қызметін осы кезге дейін орынбасар болып келген Әлназаров Жаңабек Шәріпбайұлы атқарады.
-«Қайсардың» биыл үздік алтылыққа шыға алмасы белгілі. Ендеше жаңа бапкердің алдына қандай талаптар қоясыздар?
-Әлбетте, биылғы басты мақсат – енді Премьер-лигадан шығып қалмау. Жаңа жаттықтырушының алдына команданы келесі маусымға тыңғылықты дайындау тапсырмасы қойылады. «Қайсардың» әлеуеті Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға жетеді. Иә, адамдар ауысқанымен команда өзгермейді. Қызылорда облыстық футбол федерациясы өз жұмысын одан әрі жалғастыра бермек. Бірінші лигада «Байқоңыр» футбол клубы бар. Биыл ғана үлкен додаға түсіп отыр. Дегенмен, осы команданың ойыншылары өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, «Қайсардың» сапын толықтырып отырады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, былтыр қалада әуесқой футболшылардың Шағын футбол лигасы құрылды. Қазір өте жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Бас бапкерге сұрақ.
-Дмитрий Алексеевич, басқа клубтардан ұсыныстарыңыз бар ма? 
-Біріншіден маған сенім артқан облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Бірақ биыл үміттерін ақтамадық. Жауапкершілікті мойныма аламын және команданың алдағы ойындарына сәттілік тілеймін! Ал ұсыныстарға келер болсақ, бүгінге дейін «Қайсар» футбол клубының бас жаттықтырушысы болғандығымнан өзге командалардан ұсыныстар болған жоқ және ол жайлы сөз қозғау да дұрыс емес деп есептеймін.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: