Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қайрат Нұрдәулетов: "Өзіміз жіберген ағаттықтарды өзіміз түзеуге тырысамыз"

Қайрат Нұрдәулетов: "Өзіміз жіберген ағаттықтарды өзіміз түзеуге тырысамыз"«Қайсар» футбол клубының қорғаушысы Қайрат Нұрдәулетов республикалық «Жас алаш» газетіне сұхбат беріп, ел футболының мәселелері жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Назарларыңызға сол сұқбаттан үзінді ұсынамыз.
-Қайрат, енді сұхбатымызды сіздің қазіргі командаңыз «Қайсардың» халі жайында жалғастырсақ. Премьер-лиганың бірінші кезеңін сәтсіз аяқтауға не себеп болды деп ойлайсыз?
-Нақты не себеп болғанын тап басып айту қиын шығар. Бірде сәттілік жетіспеді, бірде шеберлігіміз кемшін түсіп жатты. Ұтатын кездерде ұпайды қолмен беріп қойып жаттық. Осының барлығы бас бапкердің қызметінен кетуіне әкеліп соқты. Негізі бұған тек жаттықтырушылар емес, біз де, яғни футболшылар да жауаптымыз. Кейде Дмитрий Алексеевич Огайдың сеніп шақырған жігіттері үмітті ақтамадық-ау деп ойлап қоямын. Басқа футболшылар да өздерін солай кінәлі сезінуде. Кінәлі тек бір адам емес қой. Бапкерлерден де қателік кеткен шығар, біз де өз қызметімізді дұрыс атқара алмадық. Сондықтан, команданың атынан жанкүйерлерімізден кешірім өтінемін!
-Енді Премьер-лиганың екінші кезеңінде командадан не күтеміз?
-Жаңа жаттықтырушыны күтеміз. Қайткен күнде де шегінерге жол жоқ. Жанкүйерлеріміздің үмітін ақтау үшін барымызды саламыз. Өзіміз жіберген ағаттықтарды өзіміз түзеуге тырысамыз. Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Маусым сәтсіз өтіп жатыр деп екі қолды бос қоюға болмайды. Осы орайда облыс басшылығына алғыс білдіргім келеді. Қандай жағдайда болмасын, бізге қолдауларын аяп жатқан жоқ. Әрдайым матчқа келіп, жанкүйерлік танытып отырады. Сәтсіздіктерімізге қарамастан футболға деген оң көзқарастарынан айнымады. Мұны дұрыс деп есептеймін. Бір күндік футбол емес қой. Биыл болмаса, келесі жылы жаңа жаттықтырушы, жаңа ойыншылар «Қайсарға» оң өзгеріс алып келеді деп ойлаймын.
-Енді өзіңіз жайлы. Маусымның басында ескі жарақатыңызға байланысты алаңға сирек шығып жүрдіңіз. Қазір толық айықтыңыз ба?
-Иә, қазір өзімді былтырғыдай емес, жайлы сезінемін. Ойынымды да таба бастағандаймын. Әйтпесе, жылдың басында ескі жарақатым әлсін-әлсін мазалап, барынша көсілуге мүмкіндік бермей жататын.
-Қайрат, ендеше сол жарақат соңғысы болсын деп тілейміз! Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттың толық нұсқасын «Жас алаш» газетінің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи аласыздар.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: