Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қанат Шерімбетов: "Жастардың арасында да жасындай жарқылдайтын жігіттер бар"

Көкшетаудан жеңіспен оралған «Қайсар» футбол клубының дубльдік құрамы ел чемпионатындағы үзілісті пайдаланып, бас командамен бірге 29 тамызға дейін демалысқа шықты. Осы үзілісті пайдаланып, команданың бас бапкері Қанат Шерімбетовпен өткен ойын жайлы және жастардың қазіргі жағдайы туралы аз-кем сұқбат құрған едік.
 
 

Қанат Шерімбетов: "Жастардың арасында да жасындай жарқылдайтын жігіттер бар"

 

- Қанат Райымханұлы, жеңістеріңіз құтты болсын! Көкшеліктерді қалай жеңдіңіздер? Алдымен осы жайлы айтып беріңізші.
- Кәсіпқой футбол лигасының бірінші турында «Тараздан» 0:3 есебімен жеңілгеннен кейін ойынға біраз өзгерістер енгіздік. Қай шепте қандай қателіктер жібергенімізді саралап, сол бойынша жұмыстар атқардық. Оның үстіне, бұл біздің биылғы маусымда қонаққа барып, ойын алдындағы жаттығуды өткізген алғашқы кездесуіміз болды. Бұл да бір жағынан біраз көмек болды. Әйтпесе, бұған дейін біз сырттағы матчтарға ойын болатын күні барып, бірден додаға түсіп кететінбіз. Бұл жолы футболшылар матчқа шықпай тұрып, жаттығу барысында алаңға үйренісіп алуға мүмкіндік алды. Өзім де әр ойыншымен мұқият сөйлесіп, әр матчтың маңызы қаншалықты зор екенін түсіндірдім. Жігіттерге де риза болдым. Бірінші минуттан бастап алаңға жігерленіп шығып, жеңіс үшін аянып қалған жоқ.
- Соғылған голдар жайлы айтып берсеңіз...
- Бірінші таймның өзінде бізде гол соғатын тамаша үш мүмкіндік болды. Бірақ алғы шептегі жігіттерге аздап шеберлік дейміз бе, салқынқандылық дейміз бе, әлде сәттілік дейміз бе, бірнәрсе жетіспей тұрғандай болды. Әйтпесе, Жомарт Жұмабаев пен Айдос Аяжан екеуі-ақ ойын басында есепті 2:0 қылып тастайтын еді. Негізі ойын басында жігіттерге жылдам қарымта шабуылға иек арту туралы қадап айтқанмын. Жадыларына түйіп алыпты. Өз айып алаңымыздан допты дереу алып шықтық та, Тұрарбек Қуанышбеков Жомарт Жұмабаевқа пас беріп, Жомарт оны Думан Нәрзілдаевке әдемі асырып жіберді. Ал Думан «снарядты» қақпаға бірінші жанасуымен-ақ Антон Цирин қорғаған қақпаға дәл қадады. Бұл бірінші таймның соңы болатын. Екінші таймда да тізгінді уысымыздан шығармауға тырысып, тағы да жылдам қарымта шабуылға иек арттық. Сондай шабуылдардың бірінде қорғаушымыз Сергей Кейлер де өз қапталымен алғы шепке атойлап кіріп, допты қақпаға қақырата тепті де «тоғыздықты» тура көздеді. Рас, бес минуттан кейін «Оқжетпес» таблодағы көрсеткішті қысқартты. Бірақ артынан бейнеқайталауын қараған едік, голдың офсайдтан соғылғанын анық көрдік. Қорғаушыларымыз жасанды офсайд жасап, ойыннан тыс қалдырған болатын. Алайда қапталдағы төреші жас жігіт екен, байқаған жоқ. Одан кейін де гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Әсіресе Тұрарбек Қуанышбеков қақпашымен жеке-дара шыққан еді, ойын жүзеге асыра алмады. Жалпы, ойын өзіме ұнады. Егер әр ойында осылай ойнаса, онда кез-келген команданы жеңуге болады деп ойлаймын.
- Енді осы КФЛ кубогында дубльдің командасы қандай белестерді бағындыра алады?
- Ойыннан кейін футболшылармен ұзақ сөйлестім. Бәрі де қандай команда болмасын, жеңуге болатынын түсініп отыр. Өздеріне деген сенімділіктері күшейді.
- Дегенмен, дубльдік командалар арасындағы ел біріншілігін «Қайсар» жастары соңғы орынмен қорытындылады. Бұған не себеп болды?
- Маусым басында командамыздың негізін 1994-95 жылғы жігіттер құраған болатын. 1994 жылғы жігіттерден командамызда бес бала, 1995 жылғылардан үш ойыншы болды. Ерболат Рүстемов, Самат Балымбетов, Ислам Рахметов, Кенжеахмет Ибраев, Қуаныш Кемалұлы сынды жігіттердің барлығы бізде жаттықты. Ол кезде «Байқоңыр» футбол клубы бола ма, болмай ма, деп аласапыран болып жүрген кез. Команданың негізін әлгі аталған жігіттер құрап, 1996-97 жылғы жеткіншектерді бір-екеулеп қана қатарымызға тарта береміз деп ойлағанбыз. Қызылорда қаласында екі, Шымкентте екі оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бәрі жоспардағыдай өрбіп жатты. Чемпионат басталды. «Жетісу» жастарын 3:0 есебімен жеңдік. Түзде «Оқжетпеспен» тең түсіп, өз алаңымызда «Ертісті» тізе бүктірдік. Содан кейін бүкіл Сыр елі футболшыларының бағына деп айтуға болатын шығар, «Байқоңырдың» Қазақстан Бірінші лигасына қатысатыны толық белгілі болып, басшылық 1994-95 жылғы жігіттердің барлығын сол командаға жіберу туралы шешім қабылдады. Әлбетте, бір жағынан бұл да дұрыс, Бірінші лигада ойнап, жастардың шеберліктері шыңдалады. Бірақ бізге біраз қиындау болып қалды. Негізгі ойыншылар кеткеннен кейін команданы қайта жасақтауға тура келді. «Қайсар» футбол орталығынан 1997, тіпті 1998 жылғы жеткіншектерді тарттық. Оларға да бізге сіңісіп кету оңай болған жоқ. Кейбірі үлкен футболды бастағанына көп бола қоймаған бозбалалар. Ал ел чемпионатының ойындар кестесі қызып тұр. Аптасына үш тур өткізген кездер де болды. Түздегі ойынға қатысып, үйге жетем дегенше шаршап қаласың, Қызылордада ойыныңды өткізесің де қайта басқа қалаға кетесің. Әйтеуір, жастарға оңай болған жоқ. Психологиялық жағынан да ауыр тиді. Кеше ғана олар дубльде боламыз деп ойлаған жоқ еді, қазір халық алдына шығып, бүкіл жанкүйердің үмітін арқалап отыр. Осылайша біріншілікті аяқтадық. Енді КФЛ кубогы басталды. Бәрін таза парақтан бастап отырмыз. Жігіттердің өздеріне деген сенімдері күшейген. Алаңға шығуға құлшынып жүр.
- Жалпы, «Қайсар» футбол клубы дубльдік командасының мақсаты не?
- Мен негізі былай ойлаймын. Бізде футбол орталығы бар. Осы футбол орталығының шыңы – дубльдік команда болуы тиіс. Ал дубль ойыншыларды «Байқоңыр» және «Қайсарға» дайындап беріп отыруы қажет. Мәселен, «Байқоңырға» алты ойыншы жібердік, демек, белгілі бір мақсатымыздың бір бөлшегі орындалды. Одан бөлек, жақында қорғаушымыз Мадияр Оразбек Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақырту алып, жиынға қатысып қайтты. Жаттықтырушылардан сұрасам, жиын барысында өзін тәп-тәуір көрсетіпті. Яғни, бұл да болса, біздің жетістігіміз.
- Дубльдегі жігіттердің ішінде жақын болашақта «Қайсардың» негізгі сапынан орын алуға қабілетті ойыншылар бар ма?
- Біздің команда негізінен 1996 және 1997 жылғы футболшылардан жасақталған. 1998 жылғы ойыншылардан да екі-үшеу бар. КФЛ кубогындағы ең жас команда біз. Әрине, талпынып, жаттығуларда бар өнерлерін ортаға салса, бәрі де «Қайсардың» негізгі құрамынан көріне алады. Оның үстіне, кейбір жігіттер қазірдің өзінде облысымыздың бас командасының жаттығуларына қатысып жүр. Аттарын атамай-ақ қояйын, меніңше, бір-екі жылдықта «Қайсардың» негізгі құрамына осылардың үш-төртеуі кіруі тиіс. Ол үшін тек аянбай еңбек етулері керек.
- Негізгі құрам демекші, «Қайсардың» жаңа бас бапкері Федор Щербаченкомен таныстыңыздар ма?
- Иә, таныстық, аз-кем сөйлестік. Әлбетте, дәл қазір оның өз жұмысы бар. «Қайсарды» қайтсем құтқарам деп жүр. Дегенмен, өзі де айтып жатыр, болашақта ол маманмен де бірге жұмыс жасап, жаттығулар барысында тәжірибе алмасамыз деп ойлаймын.
- Сұқбатыңызға рахмет! «Қайсар» жастарына тек тапжылмай, еңбек етулерін тілейміз!
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: