» » Рахымжан Розыбакиев: «Шахтерді» де жеңуге болады»

Рахымжан Розыбакиев: «Шахтерді» де жеңуге болады»

Айдар: Спорт / Сонғы жаңалықтар
Рахымжан Розыбакиев: «Шахтерді» де жеңуге болады»Биыл ел чемпионатын дубльдік команданың ойындарында бастаған Рахымжан Розыбакиев бірте-бірте «Қайсардың» негізгі құрамында да алаңға шығып жүр. Есімі Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножанның қойын кітапшасында жүрген Рахымжаннан алдағы ойын туралы ойын білген едік.
– Рахымжан, команданың «Шахтерге» қарсы дайындығы қалай өтті? Футболшыларымыздың жағдайы қалай?
– «Ақтөбемен» болған ойыннан кейін бірден Талдықорғанға аттандық. Ол жақта ел кубогының електік кезеңі аясында жергілікті «Жетісу-Сұңқар» клубымен кездескенбіз. Жаман команда емес. Құрамында Андрей Травин сынды тәжірибелі ойыншылар да бар. Бір жағынан ауа-райы да қолайсыз болды. Дегенмен, ойынды сәтті аяқтап, ел кубогының келесі кезеңіне жолдама алдық. Жалпы, дайындығымыз жақсы. Командада Кирилл Шестаковтан басқа жарақат алған ешкім жоқ. Алдан Балтаев та, Римо Хунт та сапқа қосылды. Енді бүгін өз алаңымызда жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
– Ал «Шахтер» жайлы не айтасың? «Кеншілердің» бүгінгі әлеуетіне қандай баға берер едің?
– Қарағандылықтардың қаншалықты әлеуетті екенін өткен маусымда көрдік қой. Еуропа лигасында ерлік жасап, топтық кезеңде ойнады. Қысқы маусымаралық үзілісте құрамын өте тәжірибелі ойыншылармен толықтырды. Өзім де бұл командамен бұрындары бірнеше рет кездесіп, мықтылықтарына көз жеткізгенмін. Дегенмен, бүгін алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Оларды да жеңуге болады.
– «Шахтердің» ойыншыларының барлығы да бойшаң жігіттер. Стандартты жағдайларда өте қауіпті екенін білеміз. Оларға қарсы қандай амал қолдануға болады деп ойлайсың?
– Ең бастысы жасыл алаңда жанымызды салып ойнауымыз керек. Қорғаныста да сауатты ойнап, шабуылда өз мүмкіндіктерімізді мүлт жібермеуіміз қажет. Егер бәріміз бірдей бас бапкердің тапсырмасын мүлтіксіз орындайтын болсақ, онда жеңіске бастар жолды таба аларымызға сенімдіміз.
– Рахымжан, жалпы биылғы ел чемпионатына қандай баға бересің?
– Биыл Премьер-лиганың деңгейі бірден өсіп кеткен секілді. Әлсіз команда жоқ. Ешкім де жеңісті оңайлықпен бере салмайды. Бұрынғыдай емес, қазір Қазақстанға келіп жатқан легионерлердің де шеберліктері жоғары. Маған әсіресе «Ақтөбе» мен «Атыраудың» ойыны ұнады. Дегенмен, барлық тартыс әлі алда. Біз де үздіктер қатарынан көріну үшін бар өнерімізді ортаға саламыз.