Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ АЯҚТАЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ АЯҚТАЛДЫҚызылорда қаласында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастырды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, жарыстың бас демеушісі – «Қазгермұнай» компаниясының директоры Медет Кәрім, жарыстың бас төрешісі, халықаралық дәржедегі төреші Юрий Гуськов, мәнерлеп сырғанаудан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Надежда Перфильева марапаттады. Сондай ақ, Қазақстан жеңімпазын дайындағаны үшін Э.Тұрсынбаеваның анасы әрі жаттықтырушысы Падишахан Сұлтаналиеваға алғыс хат пен медаль табысталды. Айта кетейік, осымен Элизабет ересектер арасында 2 мәрте Қазақстан жеңімпазы атанды. 
Сыр өңірінде бұл сайыс осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Алғаш рет 2014 жылы алғаш рет жалауын көтерген еді. Біздің аймақта «Мұз айдыны» спорт кешені ашылғалы бері қысқы спорт түрлеріне мән беріліп келеді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау бойынша жас өрендер тәлім алып келеді. Олардың шеберліктерін шыңдауына барлық жағдай жасалған. Спорттың сол түрлері бойынша сырттан арнайы мамандар шақырылды. Қазіргі таңда шәкірттер түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көріне бастады. 
Рас, біздің елімізде мәнерлеп сырғанау спорты жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Дегенмен, сан алуан сайыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақтар баршылық. Олардың қатарында келешегінен үлкен үміт күттіретін жас өрендер де бар. Бүгінгі күндері түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген Элизабет Тұрсынбаева жайында осылайша жылы лебіз білдіре аламыз. Элизабет бұл жолы Қазақстан спорт шебері атағына ие болған қыздар арасында сайысқа түсті. Мұз айдында жанкүйерге тартымды ойын көрсетті. Көптеген әлемдік жарыстарда іркілмей жүрген спортшы қыз өзінің шеберлік деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Осының нәтижесінде 194,94 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Одан кейіні орындарды алматылық Айза Мамбекова мен астаналық Алина Сыдықова өзара бөліссе, ұлдарда алматылықтар – Данияр Әділов, Артур Панихан, Андрей Лебедев үздік үштікке ілікті. 
Ал I спорттық разряд бойынша қыздар арасында: астаналықтар – Злата Рязанова, Милана Садыкова, және Ясмин Текик, ұлдар арасында алматылық Елисей Волков, қарағандылықтар –  Кирилл Кокоулин мен Леонид Михальцов жеңімпаздар қатарынан көрінді. Спорт шеберлігіне үміткерлер бәсекесінде қыздарда Алматы облысынан келген Алана Тоқтарова, алматылық Гүлжан Жұмаділова, қарағандылық Эльвира Темірова, ұлдарда астаналық Никита Манько, алматылықтар – Молдияр Есеев пен Всеволод Филь жүлделі орындарға жайғасты. 
Аталмыш жарыста Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 8 команда команда бақ сынасты. Аталмыш додада 14 ҚР спорт шебері, 29 спорт шеберлігіне үміткерлер және 15 бірінші спорттық разрядты 10 жастан 18 жасқа дейінгі спортшылар қысқа және еркін бағдарламалар бойынша шеберлігін паш етті. 
Марапат соңында Элизабет Ел тәуелсіздігі және Жаңа жыл мерекесіне орай, жерлестеріне тарту ретінде скрипкада өнер көрсетті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: