» » Зілтеміршілер тоғыз медальмен топ жарды

Зілтеміршілер тоғыз медальмен топ жарды

Айдар: Спорт / Сонғы жаңалықтар

Зілтеміршілер тоғыз медальмен топ жардыСемей қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында  Қазақстан  Республикасының чемпионаты аяқталды. Жеті күнге созылған жарыста 300-ге жуық зілтеміршілер кімнің мықты екенін анықтады. 
Аталмыш жарыстан Қызылорда облысының құрама командасы 200 ұпаймен командалық есепте көш бастады. 189 ұпаймен Қарағанды облысы екінші орынды иеленсе, 170 ұпаймен Алматы қаласы үшінші орынды иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша 62 келі салмақ дәрежесінде  Арыстанбек Жақанша (спорт интернат) чемпион атанды. Ол жұлқа көтеруде 95, серпе көтеруде 121, қоссайыста 216 келіні бағындырды.  85 келіде Мейіржан Молдағали (спорт-интернат) алтын  жүлдені иеленді. Жұлқа көтеруде 125, серпе көтеруде 157, қоссайыста 282 келіні бағындырды. Қазіргі таңда Мейіржан Қызылорда индустриалдық-техникалық колледжінің 1-курс студенті. 48 келіде шиелілік Айсамал Сансызбаева, 56 келіде Айдос Тұрсынбай (М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің 1-курс студенті), 69 келіде Әділ Дөңсебай, 94 келіде Марлен Жұмәділ (үшеуі де №1ОМБЖОРМ) күміс жүлдені иеленді. Ал 50 келіде Ерасыл Ергенбай (спорт интернат), 62 келіде Серікбол Аманжол (№1ОМБЖОРМ, Болашақ колледжінің 1-курс студенті) және 77 келіде Нұрбол Сағыбаев (спорт интернат) қола жүлдеге ие болды.
Жеңімпаз атанған  спортшылар үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Доха қаласында (Катар) өтетін  Азия чемпионатына  дайындалуда.