Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Алматыдағы Әлем чемпионатында 15 рекорд жаңарды

Алматыдағы Әлем чемпионатында 15 рекорд жаңардыАлматыдағы Әлем чемпионатында 15 рекорд жаңарды, деп хабарлайды Қазспорт телеарнасы
«Алматыда бізге керемет қолдау көрсетілді! Жарыс алаңына шығып, көрермендерді көрген сәтте жеңілу дегенді мүлдем ұмытасың. Бар ойың - зілтемірді не болса да көтеру қажет» - дейді жас әрі талапты зілтемірші, 94 келі салмақта Әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев.
«Мен жанкүйерлердің маған деген ықыласын сездім, сондықтан екінші әлем рекордын барша Қазақстанға арнадым!» - дейді 53 келі салмақтағы Әлем чемпионы Зүльфия Чиншанло. Ол айқын жеңісіне қарамай, алаңға шығып, өзі орнатқан әлем рекордын жаңартты.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы сарай тоғыз күн бойы жанкүйерге толы болды. Ал, қазақстандық спортшылар бәсекеге шыққан күні олардың қолдауы қарқын алды. Бұл тек шетелдік қонақтарды ғана емес, өз зілтеміршілерімізді таңқалдырды.
Қазақстанда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында 15 рекорд жаңарды, оның 11-і ересектер арасында. Олардың әрқайсысы адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп, Ауыр атлетика әлемінде тарихына жазылды.
Көп рекорд өзінің авторымен жаңарды. Мысалы, Татьяна Каширина 75 келі салмақта бақ сынап, 5 әлем рекордын жаңартты. Кейбіреуі көптеген жылдар бойы жаңармаған еді. Мысалы, 69 келі салмақта Әлем чемпионы атанған қытайлық Ляо Хуэй жұлқа көтеруде 14 жыл бұрын, яғни 2000 жылы болгариялық Георгий Марков орнатқан рекорды жаңартты.
Алматыда өткен Әлем чемпионаты ұйымдастыру жағынан да жоғары дәрежеде өтті. Қазақстанға 72 елден 538 спортшы жиналған еді.
Мадаль саны бойынша әйелдер арасында Қытай құрамасы 6 «алтын», 6 «күміс» пен 6 «қола» иеленіп, бірінші орынға шықты. Ал, Солтүстік Кореядан келген спортшылар 6-3-2 нәтижесімен екінші орында болса, 4-2-3 медаль жинаған Ресей құрамасы үштікті түйіндеді. Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс пен 1 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық төртінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасында 6 «алтын» мен 4 «қола» ұтқан Солтүстік Корея құрамасы бірінші, ал 5 алтын, 1 күміс пен 3 қола медаль иеленген қазақстандық зілтеміршілер екінші орын алды. Үшінші орында 3-6-5 нәтижесімен Қытай құрамасы.
Келесі жылы ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты Хьюстон (АҚШ) қаласында өтеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: