» » ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ. "АСТАНА" ПЛЕЙ-ОФФ КЕЗЕҢІНДЕ "СЕЛТИКПЕН" КЕЗДЕСЕДІ

ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ. "АСТАНА" ПЛЕЙ-ОФФ КЕЗЕҢІНДЕ "СЕЛТИКПЕН" КЕЗДЕСЕДІ

Айдар: Спорт, Сонғы жаңалықтар

ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ. "АСТАНА" ПЛЕЙ-ОФФ КЕЗЕҢІНДЕ "СЕЛТИКПЕН" КЕЗДЕСЕДІ

 

Ел чемпионы «Астананың» Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңіндегі қарсыласы анықталды. Бұл жөнінде sportsffa.kz жазды. 
Жерлестеріміз Шотландияның "Селтик" командасымен кездеседі. Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб пәтерінде өткен Чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсіміне барлығы 20 команда қатысты. Оның 10-ы «Әлеуетті лигалар өкілдері» болса, қалған 10-ы «Чемпиондар жолы» арқылы келе жатқандар. «Астана» осы екінші жолмен келе жатыр. Жеребе тарту рәсімінде жерлестеріміз еленбеген себетте болды. Яғни, «Олимпиакос» (Грекия), «Селтик» (Шотландия), «Копенгаген» (Дания), АПОЭЛ (Кипр) және «Марибор» (Словения) бестігінің біреуі түсу мүмкін болатын. Бізге Шотландияның "Селтигі" бұйырды. Алғашқы ойынын «Астана» тамыздың 15-і немесе 16-сы күні түзде өткізсе, жауапты кездесу 22/23 тамыз күні «Астана-Аренада» өтеді. Жалпы, кельттермен де былтыр кездескенбіз. Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі болатын. Егер өз алаңымызда қазіргі капитан Дмитрий Шомко қателік жібермегенде оларды да өтер едік. «Астана-Аренада» 1:1 есебімен тең түсіп қалған соң Глазгода британдықтар іске жанкүйерлерден бастап төрешілерді де қосты. Нәтижесінде қақпамызға екі пенальти белгіленіп, екі ойыншымыз қызыл қағаз алды. Сөйтіп 1:2 есебімен жеңіліп қалғанбыз.  Биыл олар екінші іріктеу кезеңінен бастап додаға түсіп жатыр. Бірінші текетірестерінде Солтүстік Ирландияның «Линфилд» командасын екі кездесудің қорытындысы бойынша 6:0 (2:0, 4:0) есебімен ұтса, үшінші іріктеу кезеңінде азулы «Русенборгпен» өз алаңында тең ойнап, түзде ұтып кетті.