Сейхун-инфо.кз / Ресейдің оқу орындарына 500 қызылордалық түлек аттанады

Ресейдің оқу орындарына 500 қызылордалық түлек аттанады

Ресейдің оқу орындарына 500 қызылордалық түлек аттанады Бүгін, 18 маусымда Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз білімдерін дәлелдеген 139 түлекке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Алтын белгі» марапатын табыстады. Салтанатты шарада аймақ басшысы түлектерді оқу жылын сәтті аяқтауларымен құттықтап, ұлттық біріңғай тестілеуде жоғары жетістіктерге қол жеткізгендері үшін ризашылығын білдірді. 
- Биыл Сыр елінің 139 түлегі білім саласының алтынына лайық екенін растап, ата-аналары мен ұстаздарының ақжолтай үмітін ақтап шықты. Өткен жылмен салыстырғанда 45 алтын белгіні артық алған Сыр жұртшылығын осы қуанышымен шын жүректен құттықтаймын. Алтын белгілеріңіз алтын кілтке айналып, еліміздің кез-келген оқу орнының есігін ашсын, -деді облыс әкімі. 
Мұнан соң үкілеген үмітті ақтап, «Алтын белгіні» дәлелдеген 139 түлек салтанатты түрде марапатталды. Аймақ басшысы барлық өрендерге арнайы төсбелгіні тағып, ноутбук сыйға тартты. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың ән-шашуымен қортындыланды.
Айта кетейік, биыл 6452 мектеп бітірушінің 4165-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 81,7 орташа балмен жоғары нәтиже көрсетті. Былтыр Республикада 13 орында болған Қызылорда облысы биыл 5-ші орынға көтерілді. Облыс бойынша 100-ден жоғары балл жинаған оқушы 653 болса, оның ішінде 2 мектеп бітіруші 123 балға ие болды.
Сонымен бірге, биыл Ресейдің маңдай алды оқу орындарында білім алу үшін 500 бала Ресей үкіметі гранты есебінен оқуға барады. Соның ішінде, жас түлектер Санкт-Петербург мемлекеттік өсімдік полимерлі технологиялық университетіне, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Мәскеу қаласындағы ұлттық технологиялық зерттеу университетіне, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы шаруашылық және мемлекеттік басқару академиясына оқу грантына түсу мүмкіндігіне ие болып отыр. Биыл жоғары және арнайы оқу орындарына бөлінетін «Серпін» бағдарламасы республика бойынша 5000 грант бөлсе, соның жартысы Қызылорда облысының жастарына тиесілі болады. Ал үлгерімі жақсы, бірақ әлеуметтік аз қамтылған үздік оқушыларға облыс әкімінің 365 гранты бөлінді. Бұның барлығы биыл мектеп бітірген жас түлектердің жартысы мемлекет есебінен оқуға түсуге мүмкіндік алып отыр деген сөз. Бұл үлкен табыс, мұндай кең мүмкіндік Қызылордалық жастарда бұрын болған емес.
 
18-06-2015, 20:58
Вернуться назад