Сейхун-инфо.кз / Антон Матвеенко: Бізге психологиялық сенімділік жетіспейді

Антон Матвеенко: Бізге психологиялық сенімділік жетіспейді

Антон Матвеенко: Бізге психологиялық сенімділік жетіспейді«Қайсар» футбол клубының белоруссиялық легионері Антон Матвеенко 29 жасқа толды. «Қасқырлардың» хас ойыншысын туған күнімен құттықтап, аз-кем сұхбаттасқан едік.
- Антон, туған күніңізбен!
- Рахмет көп, баршаңызға! Түннен бері жақындарымнан, оның ішінде жанкүйерлерден құттықтаулар қабылдап жатырмын. Әлбетте, елдің елеп, ескеріп жатқаны қуантады.
- Жанкүйерлер сіздің жарақатыңызға алаңдаулы...
- Бағыма орай, жарақатым ауыр емес екен. Бастан-аяқ тексерілдім, дәрігерлер ем-домын жасады. Енді екі-үш күнде жалпы топқа қайта қосыламын. Мен үшін алаңдап жатқан барша жанкүйерлерге алғыс білдіремін.
- Құдайға шүкір! Ендеше сұхбатымызды одан әрмен жалғастырайық. Антон, жалпы «Қайсарға» қалай келдіңіз? Кімнен ұсыныс түсті?
- Өткен жылы Белоруссияға «Қайсардан» скауттар келіп, чемпионаттың біраз ойынын қараған екен. Өздеріне ұнаған бірнеше ойыншыны түртіп алыпты. Ол кезде «Гомельде» ойнайтынмын. Былтыр-ақ Қызылордаға келуім керек болған. Клуб жібермеді. Биыл да «Қайсар» тарапынан ұсыныс түсті. Белоруссияда өзімнің сол кездегі клубымнан сұранып едім, жіберді. «Қайсар» да көңілден шығарлықтай контракт ұсынды. Сөйтіп, ақыры маған «қасқырлар» намысын қорғау бақыты бұйырды.
- Қызылордаға келгендегі алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз...
- Өте ыстық екен, бізде ауа-райы мұндай емес. Бірінші күндері қиын болды. Қазір үйреніп қалдым. Оның үстіне, ыстықтың беті де қайтты. Бірақ, осындағылардың айтуынша, мен ыстықтың көкесін көрмеппін. Ол үшін сәл ертерек келуім керек еді. Ал жалпы, қала маған ұнайды. Кішкентай, дегенмен халқы өте қонақжай, мейірлі.
- Ал «Қайсарға» келмей тұрып, ауысу жайлы Қазақстандағы футболшылармен ақылдасып көрдіңіз бе?
- «Атырауда» таныстарым бар. «Оқжетпестегі» Саша Павловпен жақсы араласамын. Онымен сөйлестім. Бәрі де Қазақстан жайлы тек жақсы пікірлер айтты. Адамдарын әбден мақтады. Шынымен де солай екен. Осында келіп, көзім жетіп отыр.
- Өзіңіздің футболшылық карьераңызда Белоруссияның шекарасынан асып көрмепсіз. Өзге елдің чемпионатында ойнау туралы шешім қабылдау қиын болмады ма?
- Негізі, басқа чемпионатта доп тебуді бұрыннан көздеп жүретінмін. Легионер дегеннің қандай болатынын көргім келді. Ойша Белоруссия чемпионатынан баяғыда-ақ кетіп қалғанмын. Бірақ, бұйырмай жүрді. Бірде клуб жібермей қойды, бірде ұсыныстар көңілімнен шықпады. Әйтеуір, әр жолы әртүрлі кедергілер шығып қалатын. Әйтпесе, «Қайсардан» бөлек Қазақстанның басқа командаларынан, Ресейден, шығыс Еуропа елдерінің командаларынан ұсыныстар болып жатты. Чехия, Словакия чемпионаттарына ауысып кетуім мүмкін болған. Тіпті, оны айтасыз, Бахрейн біріншілігіне де бармақшы болғам. Бірақ ол жақтың футболы маған әуесқой сияқты көрінді. Деңгейі жоғарырақ чемпионатта ойнағым келді. Осылайша «Қайсарға» келдім.
- Қызылордада жүргеніңізге екі айдан асты. «Қайсардың» жанкүйерлері қалай екен?
- Жанкүйерлер мені жылы қабылдады. Бәрі де әрдайым қолдап жүреді. Белоруссиядағыдай «Бульбаш», «Картошечка» деген айқайларды естімейтін болдым. Өз кезегімде мен де оларға әдемі ойыныммен алғыс білдіргім келеді.
- Қай жақта жанкүйерлер жалындырақ – Белоруссияда ма, Қазақстанда ма?
- Фанаттар қозғалысы Белоруссияда жақсырақ дамыған сияқты. Сырт алаңдағы әр ойынға өз қаржыларына 150-300 жанкүйерге дейін баратын. Әлбетте, әр командада әртүрлі. Мәселен, «Динамоның» стадионы 14 мың адам сидыратын болса, ойындарымызға 8 мыңнан 10 мыңға дейін көрермен жиналатын. Стадионда нағыз футбол атмосферасы орнайтын. «Гомельдің» де жанкүйерлері белсенді. «Торпедоның» жанкүйерлері «Қайсардыкіне ұқсастау. Ол жақта да ойындарға 2 мыңдай адам келеді.
- Антон, сіздің футболшылық карьераңызда қай клуб өзіңіз үшін сәтті болды?
- Мен үшін «Гомель» бәрінен сәтті команда болды. Ол жақта екі маусым ойнадым. Біріншісінде чемпионатта 10 гол соғып, кубоктық бәсекеде 4 рет нәтижелі соққының авторы атандым. Одан бөлек, бес рет нәтижелі пас шығарып бердім. «Гомельде» ойнап жүріп, ұлттық құрамаға шақырту алдым. Алайда өкінішке қарай, жаттығу жиындарының бірінде ауыр жарақат алып қалып, жарты жылға қатардан шығып қалдым. Жарақаттан кейін өзіме келуім оңай болмады. Гол соғуым да қиындап кетті. Қалған жарты маусымда үш гол соғып, бес рет нәтижелі пас бердім. Бұл мен күткен көрсеткіш емес еді.
- Сіз тек жартылай қорғаныста ғана емес, шабуыл шебінде де ойнап жүрдіңіз. Өзіңізге қай шеп ұнайды? Шабуылда ма, әлде жартылай қорғаныс та ма?
- Айырмасы жоқ, бәрібір. Ең бастысы, жиірек шабуылға араласып тұрсам болғаны. Шыны керек, қорғаныста соншалықты мықты емеспін. Тіпті, кейде бұл үшін маған жаттықтырушылар да ұрысып жатады. Қорғанысқа көңіл бөлмей кетесің деген сындарды да естіп жатамын. Бірақ маған алғы шепте ойнаған ұнайды. Шабуылда ойнайтын команданы жақсы көремін.
- Қалай ойлайсыз, «Қайсардың» биылғы сәтсіздіктерінің себебі неде?
- Өткен жылы команда өте жақсы ойнап, Бірінші лигадан шыға сала чемпионатты 5-орынмен тәмамдағанын білемін. Өкінішке қарай, 2015 жылды сәтсіз бастады. Естуімше, бас кезінде командаға сәтсіздік жолдас болмаған. Әр ойында гол соғатын мүмкіндіктер көп болғанымен доп қақпаға кірмей қойыпты. Кейін ұпай жоғалта бастады. Одан кейін жігіттер өздеріне деген сенімдерін жоғалтып, психологиялық тұңғиыққа түсіп кетіпті. Қорқақтық пайда бола бастады. Егер бұрын жігіттер алаңда күтпеген шешімдер қабылдап, допты кез-келген тұстан қақырата бағыттай берген болса, қазір аздап қымтырылып ойнайтын болғанбыз. Қателесіп қалудан қорқамыз. Меніңше, бізге өзімізге деген сенімділік жетіспейді. Егер бір-екі ойында жеңетін болсақ, бұл кедергіден де өтеміз. Ойнау оңайырақ болады.
- Жалпы, биыл «Қайсар» ел чемпионатында неден үмітті?
- Алдымызға қойылған мақсат – Премьер-лигадан ұшып кетпеу. Дегенмен, мұнымен қанағаттанып қалуға болмайды. Өзіміздің топта үздік атануға тырысамыз. Көшбасшыны қуып жетеміз деп ойлаймын. Жалпы, командалардың барлығы деңгейлес. Кім жеңісті көбірек қажет етеді, қайсысына сәттілік жолдас болады, сонысы жоғары орындардан көрінеді.
- Қазақстан Премьер-лигасын танысып үлгердіңіз. Белоруссия чемпионатын жақсы білесіз. Осы екі елдің чемпионатын салыстырып көріңізші? Қайсысы мықтырақ?
- Меніңше, Қазақстан футболында легионерлер мықты. Сондай-ақ, көбіне физикаға ден қояды. Ал Белоруссияда кішкене техника басым. Бірақ кейінгі кездері байқап жүрмін, Белоруссияда командалар жабық футболға көшкен. Қорғаныстарын бұзып өту қиынға соғып жатады. Соның әсерінен 0:0 есебі де көп тіркелуде. Клубтарға қарайтын болсақ, Қазақстан қарқынды дамып келеді. «Астана» ел футболының тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Ал бізде БАТЭ Чемпиондар лигасында, «Динамо» Еуропа лигасында өнер көрсетеді. Жалпы алғанда екі елдің чемпионаты шамалас деңгейде.
- Сіз туып-өскен қала Могилевта футболдан бөлек, көптеген командалық спорт түрлері жақсы дамыған. Неліктен аяқдопты таңдадыңыз?
- Шыны керек, менде таңдау да болған жоқ. Футболмен алты жастан бастап ауырдым. Барлық балалар сияқты мен де аула футболынан бастағанмын. Кейін футбол үйірмесіне жазылдым. Бірден түсіндім, футбол менің өмірлік мәнім екен. Сабақ та жайында қалып, тек допты ермек ететінмін.
- Антон, сұхбат соңында жанкүйерлерге арнайтын тілегіңіз болса...
- Командаға соңына дейін сенулерін сұраймын! Тек бірге ғана біз белестерді бағындыра аламыз. Өз кезегімізде біз де жасыл алаңда жанымызды салып, әр ойында жанкүйерлеріміздің үміттерін ақтауға тырысамыз.
- Сұхбатыңызға рахмет! Сізге және «Қайсарға» тек қана табыстар тілеймін!

5-09-2015, 10:39
Вернуться назад