Сейхун-инфо.кз / ҚЫЗЫЛОРДАДА ЭЛИЗАБЕТ ТҰРСЫНБАЕВАНЫ ҚОЛДАУ ШАРАСЫ ӨТТІ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЭЛИЗАБЕТ ТҰРСЫНБАЕВАНЫ ҚОЛДАУ ШАРАСЫ ӨТТІ


Қызылорда қаласы «Мұз айдыны» спорт кешенінде Пхенчханда ел намысын қорғайтын Элизабет Тұрсынбаеваға қолдау көрсету мақсатында облыс мақтаныштары шайбалы хоккейшілер, шорт-трекшілер және мәнерлеп сырғанаушы спортшылар жерлесімізге қошемет пен өнер көрсетті. 
Содан кейін мәнерлеп сырғанаудан республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Жансая Есен, Алина Жанділдаева, Манас Бекташов жеке бағдарламаларда айдынға шықса, Элизабеттің ағасы Тимур Тұрсынбаев та ортада өз өнерін көрсетті. Шараға қатысқан облыс әкімі Қ.Көшербаев жерлесімізге сәттілік тіледі. 
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын XXIII қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 80 елінен 5000-ға жуық спортшылар мен ресми тұлғалар қатысады деп жоспралануда. Барлығы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан спорттық делегациясы 9 спорт түрінен сынға түеді. Оның ішінде мәнерлеп сырғанаудан жерлесіміз, қызылордалық Элизабет Тұрсынбаева бақ сынасады. Ол айтулы додаға қыздар арасындағы жекелей сырғанау бойынша Қазақстан тарихында алғаш рет екі жолдаманы жеңіп алды. Осының арқасында екі бірдей спортшымыз Олимпиада ойындарына қатысады. 
Жалпы облыста қысқы спорт түрлері топтары 2013 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Облыс тарихында болмаған қысқы спорт түрлеріне талпынған жастардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда 300-ге жуық спортшылар қысқы спорт түрлерімен айналысады. 
Нәтижесінде жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева 2016 жылы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының, 2017 жылы қысқы Азия ойындарының қола жүлделерін иеленді. Шайбалы хоккейден командамыз ҚР чемпионатының қола жүлдесін еншіледі.
Жерлесімізге қолдау көрсетуге және насихаттауға арналған шара «Көк тудың желбірегені» әнімен жалғасты. 
3-02-2018, 18:47
Вернуться назад