» » КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНДЕ: ДНҚ САРАПТАМАСЫ БАСТАЛДЫ

КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНДЕ: ДНҚ САРАПТАМАСЫ БАСТАЛДЫ

Айдар: Тарих, Сонғы жаңалықтар

КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНДЕ: ДНҚ САРАПТАМАСЫ БАСТАЛДЫ

 

Кейкі батырдың бас сүйегі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
«Батыр бабаның басы таңғы 5:30-да Астанаға жеткізілді. Қазіргі күні атақты тұлғаның бас сүйегі ҚР Мәдниет және спорт министрлігінде тұр. Енді ДНҚ деңгейінде биологиялық сараптама жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстармен мажар ғалымы Андраш Биро айналысады», - деді Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл шаралар халықаралық нормалар аясында жүргізіледі. Яғни бас сүйекті жерлемес бұрын ДНҚ деңгейінде зерттеулер қамтылуы тиіс.
Айта кетейік, Кейкі батырдың бас сүйегі бүгін таңертең Мәскеуден арнайы бортпен елордаға жеткізілетінін естігендер Астанадағы халықаралық әуежайға жиналған болатын. Алайда, бас сүйекті жиналған қауым салтанатты түрде қарсы ала алмағанын хабарлаған болатынбыз.
Бұл жайлы саясаттанушы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы: «Біздің естіген ақпаратқа сүйенсек, батырдың бас сүйегі арнайы рейспен келіп жетті. Осы орайда еліміздің танымал ғалымы, белгілі этнограф, профессор Нұрсан Әлімбай Ресейде бас сүйекті қабылдап алып, елге жеткізді деп естідік. Енді ғалымдар арнайы сараптама өткізетін болар. Батыр бабаның бас сүйегін салтанатты түрде қарсы алу керек еді, өйткені Астана әуежайына ел азаматтары, батырдың ұрпақтары мен туыстары келді. Бұл тұрғыда күндіз Үкімет ресми түрде өз мәлімдемесін жасайды деген ойдамын», - деп пікір білдірген болатын. 
Ресей  тарапымен бас сүйекті Қазақстанға қайтаруға көп жылдан бері келіссөздер жүргізілді. Осы ретте, биылғы 12 тамызда ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің өтініші бойынша РФ Премьер-министрі Дмитрий Медведев Кейкі батырдың бас сүйегін Астанаға қайтарып беру жағын қарастыруға уәде берген болатын.
Сонымен қатар, қазақстандық тарап аталған кездесуде тағы бір ұлт азаттық көтеріліс жетекшісі - Кенесары ханның бас сүйегін отанына қайтару мәселесін көтерді.  Ресей Премьері бұл сұрақты реттеуге атсалысатынын айтқан еді.