Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ 1925 ЖЫЛДАРДАҒЫ МӘДЕНИ ӨМІРІ


Қызылордада 1925 жылдары мәдени өмір кең қанат жайды. 1925 жылы байланыс басқармасы құрылса, 1926 жылы радио торабы, радиостанса қызметін бастады.
Оған қоса 100 орындық өлкелік, 45 орындық қалалық ауруханалар ашылды. 1924 жылы қазақ, орыс, татар, украин халық театрлары отау тіксе, 1926 жылы 13 қаңтарда қазақтың тұңғыш ұлттық театры шымылдығын түрді.
Қала өмірі күнделікті жаңалыққа толы болды. Совпарт мектебі, халық ағарту институты, геологиялық-барлау бағытындағы рабфак, дәрігерлер дайындайтын оқу орны, кооператив, шикізат, транспорт, механикалық, қаржы техникумдары, тағы да басқа қажетті оқу орындары ашылды. Сауатсыздықты жою үшін газет-журналдардың рөлі зор екендігін ұққан ұлттық кадрлар оны ә дегеннен-ақ қолға алды. Сол кезде Қызылордада «Еңбекші қазақ», «Советская степь», кейінірек «Казахстанская правда» деп аталатын республикалық газеттер мен журналдарды шығарылып, тарата бастады. Қызу пікірталасқа толы бұл басылымдарды көзіқарақты қазақтың бәрі іздеп оқыды. 1928 жылы Қызылордадан 31 газет басылып шықты. Оның 13-і қазақ тілінде жарық көрді.
Осы саланың туын желбіретуге қоғамдық-саяси қызметті қоса арқалаған, ел көшіне, өмір ағымына, халық тағдырына көңіл бөлген дарынды жазушылар мен ақындар да білек түріп араласты. Атап айтқанда Сәкен Сейфулин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әбділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтың шығармалары Қызылордада жарық көрді.
Қызылорда саз балшықтан салынған бейнесін бұзып, қос қабатты, әсем үлгідегі үйлермен жасана түсті. Ол үшін сол кездегі мөлшермен қыруар қаржы бөлініп жатты. Сөйтіп қалада қазақтың ұлттық нақышта әспеттелген әсем үйлер бой көтерді.
1927 жылы ел үкіметі астананы Алматыға көшіру жөнінде шешім қабылдағанымен өзінің жұмысын Қызылордада жүргізе берді. Осы жылдың сәуірінде Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы жалғасып, 1929 жылғы 18 шілдеде, үкімет белгілеген мерзімнен 7 күн бұрын құрылысшылар жолды Алматыға дейін жеткізді. Осы оқиға астананың Алматыға ауысуына мүмкіндік жасады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: