» » ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ АРНАУЛЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ АТАНДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ АРНАУЛЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ АТАНДЫ

Айдар: Тарих / Сонғы жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі шараларын жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс жүргізуге жол ашып, Қызылорда облысы әкімінің 1996-1998 жылдары реформаларды тереңдету жөніндегі бағдарламасы қабылданды.
Онда макроэкономикалық салалардағы қол жеткен нәтижелерді тұрақтандыру және құрылымдық институттарды қайта құруды қамтамасыз ету, өндірістің құлдырауын тоқтатып, осының негізінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді қамтамасыз ету көзделген болатын. Облыста орта мерзімді бағдарламаға сәйкес реформаны тереңдету жалғасын тапты. Облыс әкімдігі тарапынан тауар өндірушілердің әлемдік нарық жағдайына бейімделуіне жәрдемдесуге, басым бағыттағы өндірістің дамуы мен шетел капиталы енуінің жаңа үлгілері мен жолдарын іздестіруге, меншік қатынастарын жаңартуға маңыз берді. Соның нәтижесінде Қызылорда экономикалық аймағын құру туралы ұсыныс жасалды. ҚР Президентінің 1996 жылғы 8 қазандағы №3123 Жарлығымен Қызылорда қаласына "Арнайы экономикалық аймақ" мәртебесінің берілуі мұндағы өнеркәсіп өнімінің жандануына үлкен ықпал жасады. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап-ақ жерасты байлықтарын игеруге шетел капиталы мен технологиясын пайдалануға тура келді. 1993 жылдың 9 қарашада "Қазгермұнай" мұнай-газ бірлескен кәсіпорыны құрылды. 1995 жылдың 22 тамызында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметінің келісіміне сәйкес, "Торғай Петролеум" акционерлік қоғамы екі ел арасында отын және энергетика саласын бірігіп игеру мақсатындағы бірлескен кәсіпорын ретінде дүниеге келді.
1997 жылғы 27 маусымында тек республика емес, ТМД елдері арасында бірінші болып Қызылорда арнайы экономикалық аймағының тұсаукесер таныстырылымы болып өтті. 1996-1997 жылдары облыста вексельдер мен "инвестиция-газ" заемдары айналымға жіберіліп, газдандыру мәселесін шешуді қаржыландырудың алғашқы қадамдары жасалды.
Қызылорда арнайы экономикалық аймағында мұнай өндіру өнеркәсібі тез қарқынмен дами бастады. Әсіресе, Ресей, АҚШ, Германия, Канада мемлекеттерінің инвесторлары келіп мұнай мен газ өнеркәсібіне өз қаржыларын құйды. Солардың бірі - 1996 жылы "Оңтүстік мұнайгазды" 120 млн.американ долларына сатып алып, Құмкөл кен орнының оңтүстік бөлігін бұрғылауға рұқсат алған канадалық "Харрикейн-Хайндракорбонс" компаниясы.
"Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың басымдылықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы" Президенттің 1997 жылғы 7 шілдесіндегі Жарлығына сәйкес қала әкімінің "Шағын кәсіпкерлікті қолдау" бағдарламасы жасалынды. 1997 жылы экономикалық және даму қорынан шағын және орта бизнеспен шұғылданушы шаруашылық субъектілеріне жеңілдетілген негізде жалпы сомасы 97,9 млн теңге бөлінді. Қызылорда АЭА Әкімшілік кеңесінің ұйымдастыруымен республикада бірінші рет жеке кәсіпкерлікті қолдау қоры құрылды. 1997 жылы аталмыш қордан халық тұтынатын тауарлар шығару және ақылы қызмет көрсетумен айналысушыларға 2,5 млн теңге қаржы бөлінді. Қалада шағын және орта бизнес қанат жайды.
1995-1999 жылдары өңір халқы үшін маңызды нысан болып саналатын облыстық медициналық орталықтың негізгі бөлігінің пайдалануға берілуін қамтамасыз етті. Сонымен бірге облыс үшін өмірлік маңызы бар жоба - "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау" жобасының бірінші фазасын жүзеге асыруға үлес қосты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорда халқы өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын жеңе білді. бәсекелестікке негіз­делген нарықтық экономика талаптарына бейімделді. Бұл оларды тәуелсіздігіміздің жарқын болашағына деген сенім алға жетеледі.