» » Ел қамын ойлаған батыр

Ел қамын ойлаған батыр

Айдар: Тарих / Сонғы жаңалықтар
ХІХ ғасырда патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қазақ ханы Кенесарыны қолдаған батырлардың бірі Бұқарбай Естекбайұлы.
Бұқарбай Естекбайұлы 1812 жылы қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Шыққан тегі – Кіші жүздің Табын руынан. Әкесі Естекбай халқына өте сыйлы, тілге шешен, қоғамшыл, қайырымды, саят жасағанды ұнататын, әрі сері кісі болған. Аңыздан жеткен әңгімелерде Естекбайдың қарулы адам болғаны айталады. Естекбайдың әйелі көршілес отырған Жақап табын Бәйтен ұлының қызы Зағипа деседі. Көп жыл баланы аңсаған Естекбай Бұқара маңындағы Баһауадин әулиенің басына түнеп, Алладан, әулиеден бір ұл бала сұрап, жалбарынады. Содан әйелі жүкті болып, Бұқарада болған жай ғой деп, өсір есігін ашқан баласының атын Бұқарбай қойыпты. Ертерек есейсін деп оны кішкентайынан атбегілік өнерге баулиды. Жас кезінде Бұқарбай ешқашан жауырыны жерге тимеген түйе палуанды жығып, бас бәйгеге бір үйір жылқыны айдап қайтады. Осыдан кейін оның алпауыт күш иесі ғана емес, жылдам қарсыласын қапы қалдыратын күрестегі қатерлі айлакерлігі, көз ілеспес жылдамдығы ауыл-аймаққа түгел жайылып кетеді.
Бұқарбай жас кезінде ерлік істерге жақын болып Ақмешіт бекінісі мен Райым бекінісінің арасындағы Сыр бойы халықтарын жан-жақты қыспаққа алған Хиуа, Қуаңдария-Жаңадария бойын жайлаған бейбіт елге бүйідей тиген Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына қарсы көтерілістердің басшысы болған. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр 1837-1847 жылдары Кенесары хан көтерілісіне белсенді түрде қатысады. Бұқарбай батыр 10 жыл бойы, қашан Кенесары ханның ақтық демі біткенше азаттық туының астында арыстанша айқасады. Бұқарбай батырдың Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендерінің бойын­дағы өшпес ерліктері мен Созақ, Ақмола бекіністерін бағындырудағы әбден ысыл­ған, шын болаттай ширыққан, өр тұлғасы мен кәнігі әскери қолбасшыларға ғана тән ойлы іс-қимылдарын Кене хан әрқашан ризалық сезімімен еске алып, өзге сар­дарларға үлгі-өнеге етіп отырған. 1838 жылы 7 тамызда Кенесары көтерілісшілерінің Ақмола бекінісіне жасаған шабуылының арасында болады. Ол Кенесары әскерінің қоқандық бекіністер, сонын ішінде Созақ бекінісін азат етуге қатысқан шабуылды ұйымдастырушылардың қатарында болды. Бұхарбай батыр Кенесары ханның 1847 жылғы сәуірдегі қазасына дейін үзеңгілес серігі болған. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақ жерін Қоқан басқыншыларынан азат етуде қоқандықтарға қарсы шығып, Ресей империясының жоғары билігін мойындап, Ақмешіт бекінісін жаулап алу кезінде патша әскеріне көмек көрсетті. Қоқандықтармен болған бір шайқаста Бұқарбай батыр ауыр жарақат алған. Қоқан хандығына қарсы әскери жорықтарға қатысқаны үшін патша үкіметінен марапаттарға ие болған. Өмірінің соңында ол өз ауыл-аймағында өмір кешіп, бейбіт шаруашылықпен айналысқан.
Бұқарбай батырдың ерлігі туралы әңгімелер халық арасына кең тараған. Солардың бірі Бұқарбай батырдың Кенесарыға қосылуы. Бұқарбай батыр қасына Нысанбай жырау, Қабан батыр, Меңдәлі батыр сияқты белгілі адамдарды ертіп Хан Кенесарыға өзі барып қосылғысы келеді. Осылайша олар Кенесары шатырын тігіп жатқан жеріне жол тартады. Әдетте оған барған адамдар Кенесарының шатырына жетпей бірер шақырым жерден аттан түсіп, жаяу баруы керек екен. Егер кімде-кім ол қалыпты бұзса, ол адам ханнан жақсылық күтпейтін көрінеді. Бірақ Бұқарбай тобы ол тәртіпті сақтамай, тура хан шатырының алдына барып бір-ақ тоқтайды. Бұқарбай аттан түсіп жатқанда, төрде отырған хан «Бұл неғылған бейбастық, бізден қаймықпай баса-көктеп келетін...» деп тоқтап қалады. Өйткені осы кезде қасында отырған қарындасы «Көрмеймісің, хан-ием, алдында Арыстандай киесі келе жатқанын, не де болса қабылдауға тура келеді. Теріс бұрылмаңыз» дейді. Хан жақтырмай, Бұқарбайды суық қабақпен қабылдайды. Бірақ есік алдындағы жасауылдарға «Ішке енгізбеудің амалын жасаңдар» дейді.
Бұқарбай есік алдындағы қарулы жасауылдардың қарсылығына мән бермей ішке еркін енеді. Еңкейген мойнын шабуға әркет жасаған жасауылдардың бір сәт қолдары қалтырап, дәрменсіздік танытады. Бағанағы ханшаның көрген Арыстаны олардың да жауыздығын жүзеге асыртпағандай көрінеді. Осы жолы ханмен болған кездесуінен кейін ол шатырға еркін енетін батырларының бірі болады.
Бұқарбай батырдың ерлігі туралы ел аузына тараған әңгімелердің бірі Бұқарбай батыр және жолбарыс деп аталады. Бұқарбай батырдың алғашқы ерлікпен аты шығуына жолбарыс себепші болыпты дейді көнекөз қариялар. Ол былайша баяндалады:
Сырдария өзенінің бойында ит тұмсығы өтпейтін қалыңда аң біткеннің қайраттысы жолбарыстың да мекені болыпты. Жолбарыстың Бұқарбай ауылының малдарын шауып кеткен кездері болыпты. Әсіресе бұл оқиға Бұқарбайдың балаң жігіт шағына тура келген кезі екен. Жолбарыс әр жерде адамға да шауыпты деген ел арасын дүрліктірген сыбыстар шыға бастайды. Бірде ауыл арасындағы жиында көп ішінен алыпқашпа мінезді біреу «Әй, осы жолбарысты әлгі Естекбайдың жалғызы неге алмайды? Ауылдағы бала біткеннің барлығын қойша үйіріп, сиырша қайырып желігіп жүргенше» дейді. Бұл сөзді балаң жігіт Бұқарбай естіп, намысына тиеді. Сөйтіп жолбарысты қалай да болса аулауға бел байлайды. Бұқарбай батыр жиде ағашының томарлы діңгегінен келісті етіп шоқпар дайындатып алып, ауыл маңына жолбарыстың соғатын күнін асыға күтеді. Араға бірер апта салып, ауыл ішіне жолбарыс келіпті деген дүрбелең туады. Даланың тарғыл аңы жүр деп меңзеген жаққа шоқпарын алып Бұқарбай да шығады. Көп кешікпей іздеген тарғыл аңы жолбарысқа кезігеді. Бұқарбай мен жолбарыс бір-бірінің қимылдарын аңдысып қарап тұрады. Кенет жолбарыс өзінің қорқынышты үнімен гүрілдеп тұрады да Бұқарбайға емес, оған қарама-қарсы жаққа атылып түседі де, артына қарамай өз жәйіне қаша жөнеледі. Жан берісер шайқасты күтіп тұрған Бұқарбайға бұл жағдай тосын еді. Бұл оқиғаны естіген қариялар «Жолбарыс Бұқарбайдың айбынды сұсынан қорқып кетті. Енді ол қайтып оралмайды» десті. Кейін халық жолбарыс салған ылаңды ұмыта бастайды. Ал Бұқарбайдың аты елге батырлығынан бұрын осы уақиға арқылы жайылып кеткен еді. Ел арасына тараған жолбарыс жайындағы әңгіме туралы сұрағандарға батыр «Әлгі тарғыл мысық па?» дейді екен. [2.]
Бірде Бұқарбай батыр далада жүрсе, әкесінің түйеге міне алмай жатқанын көріп қалады: «Мал таппайсың, тапқан малды баға алмайсың» депті. Сонда Естекбай баласына қарап тұрып: «Дүниеге мен келдім, бірақ мал бітпеді, Дүниеге сен келдің малды болғанымыз рас. Ел аузында «ит баққан Естекбай» атансамда өмірге сендей бала әкелдім. Сенде өзіңдей бала туғызып барып, менімен сөйлес» деген екен. (Т.Дайрабай)
Бұқарбай батырдың ерлік атағы Сыр бойынан Арқаға жеткен кезі Бұқарбайдың 1838 жылы Кенесары сарбаздарымен бірге патша салған Ақмола бекінісін алудағы ерлігі бірауыз сөзбен хатталса, халық аузындағы «Кенесары-Саржан» атты дастанда батырлығы ерекше суреттеледі. Ал жауынгер ақын-жырау Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» дастанында (1875 ж) Бұқарбайдың ерлігі баяндалады.
Батырдың көзі тірісінде-ақ, ол туралы жыр-дастандар дүниеге келген. Оның жорықтары жайлы әйгілі Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанында жан-жақты сурттелген. Өшпес ерліктері жайлы кезінде орыс ғалымы А.Грен, поляк революционер-ғалымы А.Янушкевич, академик С.Толстов жазып кеткен. Батыр туралы деректер Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы, Ташкент, Алматы архивтерінде сақтаулы. Қазақтың атақты ақын-жазушылары Базар жырау, Сүйінбай, Жамбыл, Т.Ізтілеуов, А.Тоқмағамбетов, М.Сералин, І.Есенберлин, М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов т.б. батырдың ерліктерін өз шығармашылығына арқау еткен.(М.Шөмекей).
Бұқарбай батырдың кесенесі Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылынан солтүстік шығысқа қарай 21 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл қорымның жүз жылдан аса тарихы бар. Бұқарбай батырдың кесенесі қам кесектен тұрғызылғандықтан нашар сақталуына байланысты 1993 жылы батыр бабаның 180 жылдық мерейтойы қарсаңында кесене аумағы қапталды.
Қазақ халқы елі үшін аянбаған ерлерді қашанда құрмет тұтқан. Бұқарбай батырды Қазақ халықының хас батыры ретінде ұлықтап келеді. ХІХ ғасырдың қазақ халқы үшін ауыр кезеңінде халық арасынан шығып ел қамын ойлаған батырлар көп болды. Қанша уақыт өтсе де олардың ерлігіне сүйсініп, қалың елі құрмет тұтады.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени
ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесі