Сейхун-инфо.кз / Қазалы атауы туралы тың тұжырым

Қазалы атауы туралы тың тұжырым

Жуырда аудан әкімдігінің бастамасымен «Қазалы қазынасы: тарих тудырған тұлғалар» жинағы жарыққа шықты. Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша жарық көрген жинаққа ауданда орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты ресми мәліметтермен қоса бейіттерінің үстіне кесене орнатылған тұлғалар жайында ел ішінде сақталған ауызекі әңгімелер енді.
Шынтуайтында, тарихи тұлғаларымыз жайлы деректер түгел жиналды дей алмаймыз. Өкінішке орай, олардың бірқатары жөнінде ұрпақтарының қолында жазба деректер немесе ел ішінде әңгімелер сақталмаған, ұмытылған. Алдағы жылдары осы бағытта ізденіс жұмыстары жалғасатын болса, басқа облыстарда тұратын азаматтардың жеке мұрағаттарынан, алыс-жақын шетелдердегі кітапхана мен архив қорларынан тың деректердің табылуы әсте ықтимал. Сондықтан да жинаққа бірінші басылым деген атау бердік. Басылымның жаңалығына келетін болсақ, тарихи тұлғаларымыз жайлы айтылатын деректі әңгімелердің біршамасы бұрын жарияланбаған. Бұған қоса, атақты бабаларымыздың қадір-қасиеттерін аша түсу мақсатында олар жайлы аңыз-әпсаналар ресми мәліметтермен біріктіріліп берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік тізімге алынғанмен бұған дейін атаусыз деп белгіленіп келген бірқатар нысандардың кімдерге арналып салынғаны анықталды. Бұған қоса, эпиграфикалық мұраларды (құлпытастар мен бітіктастардағы, мазар қабырғаларындағы жазулар, таңбалар) зерделей келе, оларды арап, ішінара парсы тілдерінен ана тілімізге аударып, мазмұнын анықтадық. Бұл өз кезегінде тарихтың шаңында көміліп, ұмытыла бастаған есімдерді қайта «тірілтуге» мүмкіндік берді. Кесенелердің көпшілігінде тек отбасы мүшелері жерленген. Алдағы уақытта олардың да өмірі мен қызметі кеңірек зерттелсе құба-құп. Бұл әрине, көп уақыт пен қаржыны, мүрделерге антропологиялық зерттеу (мүрдені қазып алып зерттеу әдісі-Н.М.) жүргізу керек болған жағдайда ұрпақтарының келісімін, құзырлы мекемелердің белсене атсалысуын қажет ететін кешенді жұмыс.
Ізденіс барысында бірқатар жаңа материалдар табылғасын тың пікірлердің қылаң беретіні белгілі. Осы ретте біздің көкейімізге ауданның атауы Қазалы деп негізсіз қойылған-ау деген күдік ұялады. Алдымен жер-су атауларының мағыналарын айқындау екі түрлі ыңғайда – тарихи және халықтық этимология ыңғайында қарастырылатынын айта кеткіміз келеді. Тарихи этимологиялық тұрғыдан зерттеу әдісі нақты дерек пен дәлелдерге сүйенетіндіктен, шындыққа бір табан жақын келеді. Ал халықтық этимология – бұл көбіне ұзақ уақыттан бері ел арасында ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен аңыз-әңгімелерге негізделеді. Сондықтан уақыт өткен сайын атаудың ертедегі мағынасынан алшақтап кетуі жиі кездесетін жағдай. Мәселен, «Қазалы» атауы жөнінде аңыздарға негізделген бірнеше болжам бар. Бұл атаудың этимологиясы, яғни, шығу тегі жөнінде көпшілік оқырманға бұрыннан белгілі бірқатар жорамалдарға қысқаша шолу жасайық.
1) Кеңес дәуіріндегі Т.Өтебаевтың зерттеуінде Қазалы қаласының аталу тарихына тоқталған. «Сырдарияның оң жақ жағасында дариядан бөлiнген бiр кішкене өзекше болады. Өзекшеден бiр шал балық аулап кәсiп етедi. Ол балықты жазда шанышқы, қыста қазамен аулаған. Бiрте-бiрте бұл өзекшеге қаза басушылар көбейедi. Осыдан келiп, қаза басқан өзекше «Қазалы» атанады. Түпкiлiктi қоныс көрiп жүрген Райым отрядына осы Қазалының қасы қолайлы болып, жұрт сол жерге қоныстана бастайды. Бұл жерге Бұқарадан, Хиуадан саудагер өзбектер, еврейлер, Орынбордан, Қарқаралыдан татар көпестерi келе бастайды. Сөйтiп, бұл жер сауданың үлкен пунктiне айналады. Қаланың тұрған жерiнiң төңiрегi егiн егуге, әсiресе бақша өнiмдерi үшiн қолайлы болады. Мұнда келген бұқаралық, хиуалық өзбектер бақшалықты өркендетiп, төңiрегiне ағаштар отырғызады. Сөйтiп, олар үйлер салып, кiшкене сауда пунктiн қалаға айналдырып оның атын «Қазалы» деп атайды. (қараңыз: Өтебаев Т. Қазалы қаласы /қысқаша тарихы/// Ленин жолы газеті, 25 қазан, 1940ж.).
2) Бұл жерде әділ қазылығымен халыққа жаққан бір адамға байланысты «Қазы» атанып, кейін «Қазалы» болып өзгерген… Ерте кезде осы өлкеде шалқыған көл болған, көл беті жүзген аққу мен қаздан көрінбеген, соған орай «Қаз елі» деп атаған дейді. (қараңыз: «Тамыры терең, тарихы кенен-Қазалы» кітабы. Алматы, 2008ж.).
3) Шежіреші қарт Өмірзақ Ахметов пен жорналшы-жазушы Шайхыслам Серікбаевтардың айтуынша, он екі ата Байыұлының бірі – Алтынның Құсқұл, Қазалы, Шұңғыр және Жапалақ атты төрт баласы болыпты. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезіндегі ел босып кеткен жаугершілік заманда Алтынның бір баласы – Қазалы әулеттері бір рулы ел болып Сырдың жағасында, қазіргі Қазалы қаласының орнында отырған. Олар шағын сауда-саттық базарын ашып, қалашық салады. Қалашық сол ру атынан «Қазалы» атанып кеткен.
Сондай-ақ, өткен жылдың мамырындағы «Қазалы» газетінің сайтында жорналшы Ұ.Талапбаева «Қазалы атауы қайдан шықты?» деген мақаласында «…Қазалы атауына байланысты мына бір болжам да аракідік айтылып қалады. Ол көне Жанкент шаһарына қатысты. Бұл қаланың тарихы жайлы айтылар әпсана аз емес. Солардың бірі – Бегім сұлу оқиғасы. Бегім – Жанкенттің билеушісі Санжардың әйелі. Көрікті жарын қызғанған Санжар оның бір қолы мен бұрымын қырқып тастайды. Бегім сұлудың ақтығы дәлелденіп, қолы мен бұрымы бұрынғы қалпына қайта келген екен. Қызының жазықсыз зәбір көргеніне көзі жеткен Қарабура әулие күйеу баласы Санжарға налиды. Жазықсыз жабылған жаладан әйеліне опасыздық жасаған ханның қаласына жыландар шабуыл жасайды. Қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандар көп болған екен. Сондықтан бұл аймақ Қазалы аталып кеткен» деген және бір болжам келтіреді.
Ежелден «ел мен жер» деген егіз ұғым саналады. Сондықтан ел табан тіреген жерге атау беруде бабаларымыз барынша байыпты байлам жасаған. Осы жосықпен қарасақ, халықтық этимологияда өзен, көл, мал, құдық, қорым, ағаш, жылан, тарихи орындар, кейбір аңдар киелі саналады, яғни, тотемдер. Исламдағы құндылықтар жүйесін шариғат бойынша дін, ұрпақ жалғастыру мен тәрбиелеп өсіру, ақыл, өмір және жекеменшік сияқты 5 нәрсе құрайды. Көріп отырғанымыздай, өлім, ажал немесе қаза қасиетті емес, қасіретті нәрселер деп бағаланған. Мал шабады деп атамыз қазақ қасқырды да тіке атамай «ит-құс» дегені белгілі. Олай болса, «үкім Алланыкі, өлім пенденікі» болғанмен қазаны ұрпақ жадына сіңіріп құрметтеуге ұмтылу қаншалықты қисынды. Сонымен бірге өлім-жітім тек қана осы аумақта көп болған деген тұжырым да қисынсыз. Біріншіден, ондай статистикалық мәлімет жоқ. Болуы да мүмкін емес. Себебі, аталармыз өлімнен бұрын өмірді санаған, есепке алған. Сондай-ақ, Қазалы ауданынан басқан жерлерде де өлі-жітім азырақ болды деп ешкім айта алмас. Қазақтың бар даласы қан сасыған қайғылы кезеңдер аз болған жоқ тағдыр-талайымызда…
Жоғары келтірілген болжамның бірінде аудан атауын Қаз елі дегеннен таратады. Анығында, Қаз елі деген ұғым жалпы қазақ атауының этимологиясына да қатысты жиі айтылады. Бұл жөнінде әйгілі ғұламамыз Әлкей Марғұлан «қазақтар арабтар келмей тұрып Арал, Каспий теңізінің төңірегінде хазарлармен байланысты болған. Н.Я.Мар мен Б.Грозный келтірген «қаз», «хаз» сөзі екеуіне бірдей…» деп тұжырымдайды. Одан әрі осы еңбектен “…Тарих осы замандарда Қазақия құрамында қазіргі қыпшақ тектес қарашай, балқар, құмықтардың арғы бабаларының да болғанын, бәрінің қазақ атауымен қауымдасқанын ортаға тартады» деген деректі кездестіреміз. Қысқасы, «қаз елінен» басқа емес, «қазақия» деген этноним құралып тұр. (қараңыз: Қазақ шежіресі. Алматы, «Атамұра», 78-79бб.)
Осы сияқты бір рудың атауына орайластырып қойылды деген де жаңсақ пікір болса керек. Себебі, бір рудың ұранының өзі бірнеше рет өзгергені тарихтан белгілі. Егер аумаққа Алтын руының төрт баласының бірі-Қазалының есімі берілсе, онда соншалықты құрметке ие болған тұлға жөнінде ел ішінде неліктен деректер, аңыз-әпсаналар сақталмаған. Ныспысының өзі нақты емес. Кейбір шежіре нұсқасында әдепкі есімімен қатар Қазала деп те қоса айтылады. (қараңыз: З.Сәдібеков «Қазақ шежіресі», Ташкент, 1994ж., 114б.)
Әділінде, қайсібір жорамал-болжамның өмір сүруге хақы бар. Дегенмен, жоғарыда аталғандардың бәрі дерлік аңызға табан тіреген және Қазалы атауы қолданысқа енгеннен кейін, сол атауды тарихи негіздеу үшін ойлап табылған болжам-тұспалдар секілді. Ал осы атауға дейін ел ішінде пайдаланылып келген Қазалы топонимі болды ма? Аудан атауының шығу төркініне осы тұрғыдан келген жөн деп санаймыз.
Тарихи деректерге сүйенсек, орыс билігі тұсында «Қазыалқа»деген топоним болған. Ресми құжаттар айналымында орыстар осы өзен атауын «Казалинск» деп өз тілдеріне бейімдеп алғанға ұқсайды. Енді осы пікірімізді нақты тарихи-этимологиялық тұрғыдан дәлелдеп көрелік. Мәселен, Қазалының Ресейлік патша әкімшілігі билігі тұсында уез орталығы деген мәртебе иеленгені баршаға белгілі. Бұл мәртебе ауданның сол кезеңдегі әскери-стратегиялық маңызын білдірсе керек. Уез орталығы болғандықтан да аталған аумақ саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өркендеудің ұйытқысына айналды. Өңірдің тарихы мен мәдени даму ерекшеліктеріне, фаунасы мен флорасына, географиялық орналасуына, халқының тұрмыс-тіршілігіне деген шетелдік, әсіресе, ресейлік ғалымдардың, саяхатшылар мен әскери мамандардың қызығушылықтары күшейді. Олар қалдырған жазба материалдардың бірінен «Қазалы» сөзінің этимологиясына байланысты қызғылықты пікірді оқуға болады… Күні бүгінге шейін бұл атауға қатысты «қаза» деген балық аулайтын құралға негізделіп қойылған деген пікір үстем болып келгенін жоғарыда атап өттік. Әдетте, тарихи мәліметтерді сараласақ, балық шаруашылығы тек Қазалыда ғана емес, «қарашекпенділер» (орыс шаруалары) келіп орналасқан басқа өңірлерде де тез дамып отырғанын көреміз. Себебі, мал шаруашылығы мен сауда-саттықтан гөрі балық аулау орыстардың жетік меңгерген кәсібі болатын. Алайда, келімсектер шоғырланған жерлерге берілген жаңа атаулар жергілікті жер-су атауларымен байланысты қойылды. Мысалы, Тобыл өзеніне байланысты-Тоболск қаласы, Торғай өзеніне байланысты-Торғай қаласы, Жетісу өзендерінің жиынтық атауымен-Жетісу өңірінің атауы, Ырғыз өзенінен-Ырғыз уезі, қоқандықтар салған Ақмешіт атауынан-Ақмешіт (кейін Перовск форты болып өзгертілді) қалашығы т.б. с.с. жаңа топонимдер пайда болды. Ал балық шаруашылығы өндірістік көлемде қанат жаймақ жатып-ақ әуелі форттың, кейіннен уездің атауы балық аулайтын және балықшыларға бұрыннан таныс бір ғана құралға байланысты қойылды деген пікір еш қисынға келмейді. Көршілес Қармақшы ауданының атауы да балық аулайтын құралға қатысты емес, ол – жалқы есім, яғни, адамның есімі. Тағы бір мысал. Бүгінде Енисей бойын жайлаған 50 шарты шақырымға бір ғана адамнан келетін және тұрмыс-тіршілігінің көзі аңшылық пен балық аулау кәсібі ғана саналатын эвенкілерде өзен үлкен маңызға ие. Олардың жер-су атаулары көбіне өзенге және содан ауланатын балықтың түрлеріне байланысты қойылған. Мәселен, хариус-эвенкіше ниру деп аталады, Ниролда өзені атауы осыдан шыққан. «Сібірдің алтынына» бағаланатын таймень балығын эвенкілер-дели деп атайды екен. Осыған байланысты Делмоно (таймень тауы) деген тау бар. Топонимдерінде біздегі «Шортанды» деген сияқты оларда да Гуткен (эвенкілер шортанды осылай атайды) аталатын өзен де кездеседі. Ал енді осы атаулардың арасынан балық аулайтын құралға қатысты қойылған стратегиялық маңызды бірде-бір елдімекеннің атауын табу қиын. Қалай десек те, жер-су атауларының түп-төркінін анықтауда мүмкіндігінше тарихи-этимологиялық тәсілге арқа сүйегеніміз абзал.
Қазалы атауына қатысты кезінде өзі уездік басқармада жауапты қызмет атқарған және ел мен жер тарихына айрықша қызығушылық танытып, алғаш рет Жанқожа бабаның тұлғалық қасиеттері мен батырлығы жайлы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедов» деген кітап (Қазан қаласы, 1894ж.) жазып шығарған И.Аничковтың пікірі өте қисынды. Ол 1889ж. Тәшкеннен басылып шыққан «Солтүстік Түркістан халқының өмірінен очерктер» деп аталатын жинағының «Ұмытылған өлке» (Забытый край) атты бөлімінде «Казалинск, основанный в 1850 году, в виде форпоста у речки «Казалки», для наблюдения за двумя переправами хивинцев через Сыр-Дарью, у Джанкалы и Кара-тюбе, был в 1853 преобразован в форт №1, куда с упразднением Аральского укрепления на Раиме в 1855г. было перенесено все военное управление. А в 1867 году сделанный уездным городом Сыр-Дариньской области, стал маленьким центром обширного степного пространства, заключая в себе почти все Кара-кумы, часть Кызыл-кумов, низовья Сыр-Дарьи, с ея истоками Куваном, Джаман и Яны-Дарьями вплоть до Аральского моря. Основанный, главным образом, чисто военными целями, он, впоследствии, с устройством Аральской флотилии и развитием торговаго транзитнаго движения между Оренбургом и Средней Азией, играл в Туркестане очень значительную роль[1]» деген нақты мәлімет береді. Осында автор қала атауының Казалка (қазақшасы – Қазыалқа болуы керек-Н.М.) деген шағын өзенге байланысты қойылғанын бірінші кезекте тілге тиек етеді. Ол сондай-ақ, өз пікіріне негіз болған деректердің бірқатарын уезде 20 жылдай сот (мировой судья) қызметін атқарған, қазақ тілі мен жергілікті халықтың салт-дәстүрлерін жақсы меңгерген және дүниеден өткенше (1898ж.) тұрғындармен тығыз араласқан С.М.Лашиннен алғанын ашық айтады, жинақты соның рухына арнап жазғанын келтіреді. Бұған қоса, И.Аничков осы кітабында «Қазалыда халық саны-26 мың шамасында екенін, олардың басым бөлігінің ерте кезден-ақ жер өңдеумен айналысқанын, ата-бабаларының осыдан 200 жылдай уақыт бұрын Түркістан мен Қаратау жақтан көшіп келгенін» өлке тарихын жақсы білетін адамдардан естігенін айтады. Егер біздің пікіріміз көпшіліктің ойынан шығып жатса, «Қазалы» ауданының атауын тарихи қателікті жөндей отыра, «Қазыалқа» ауданы деп өзгертуді ұсынамыз. Болмай қоймайтын жаңалықты немесе құбылысты меңзегенде бабаларымыз «таң атпаймын дегенмен күн қоймайды» дейді екен. Ауданның атауын өзгерту бүгінде оңай жұмыс емес екені де белгілі. Бірақ, соны желеу етіп біз неге өзіміз атқармаған қиын жұмыстардың барлығын кейінгі ұрпақтың мойнына жүктей салуымыз керек?
Әрине, қазіргі экономикалық дағдарыс тұсында аудан атауын өзгерту мәселесін көтерудің өзі әбестік болар. Дегенмен, халықтың бірлігінін, Үкіметтің кәсібилігінің арқасында бұл жағдайды да еңсереміз деген үміт басым. Біз асықпағанмен естіген құлаққа үрей тудырып, ажал шақыратын атаудан арылатын уақыт бәрібір келеді. Ерте ме, кеш пе тарихта кеткен қателік түзетілуі тиіс деп санаймыз.

Нұрлыбек Мыңжас
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының
директоры, тарих ғылымдарының кандидаты
9-04-2020, 13:06
Вернуться назад