Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Анемиядан сақтаныңыз

Анемиядан сақтаныңызҚазiргi кезде тұрғындар арасында көптеп кездесiп жатқан аурудың бiрi анемия. Анемия – адам ағзасындағы темiр мөлшерiнiң азайып кетуiмен сипатталады. Темiрдiң азайып кетуi салдарынан эритроцит және оның құрамына кiретiн гемоглобин мөлшерi күрт кемiп кетедi.

Анемияға шалдыққан адамның қаны сұйылып кетедi. Сондықтан қанның азаюы адам денсаулығына едәуiр зиянын тигiзедi. Әсiресе, жүктi әйелдер үшiн бұл қаназдық ауруы немесе анемия өте қауiптi болып саналады. Ең бастысы ағзада қанның азайып кетуiне жол бермеу қажет. (Өйткенi ағза темiрдiң аздығын 4-5 жылда ғана қайта қалпына келтiре алады. Олай болса, кез келген адам сақтық шараларын қарастырғаны дұрыс. Анемияның алғашқы белгiлерiн бiлудiң және дер кезiнде дәрiгер көмегiне жүгiнудiң тиiмдiлiгiн естен шығармаған абзал. Анемияның алғашқы белгiлерiне келетiн болсақ, анемиямен ауырған адамдарда тез шаршау байқалып, iсiну, жүрек соғысының жиiлеуi, демiгу орын алады. Сондай-ақ терiнiң бозаруы, қабақ үстi терiсiнiң бозаруы, тiстiң қызыл етiндегi қанның қашуы, тырнақтың ағаруы сияқты анемияның негiзгi белгiлерi бар. Жалпы зерттеу нәтижелерi көрсетiп отырғандай, аурудың көпшiлiгi дұрыс тамақтанбаудан және тамақ режимiн дұрыс сақтамағандықтан болып отыр. Әсiресе емделу барысында тамақтанудың тәртiбiн қатаң сақтаған жөн. Анемияға шалдыққан жүктi әйелдердiң арнайы диета ұстау арқылы да емделуiне болады. Ол үшiн дәрiгер кеңесiн назардан тыс қалдырмай, ұсынылған тағамдарды ғана пайдалану керек. Құрамында темiрi көп ет өнiмдерi мен жұмыртқа жеу аса пайдалы. Жүктi әйелдер мүмкiндiгiнше iрiмшiк, қаймақ секiлдi сүт өнiмдерi мен қызылша, асқабақ, қызанақ, қырық қабат, сәбiз, т.б көкнiстердi жиi пайдаланғаны жөн. Олардың құрамында адам ағзасына аса қажеттi дәрумендер қатары мол. Сондай-ақ аурудан арылудың басты шарты - құрамында темiрi бар дәрiгер ұсынған дәрiлердi пайдалану болып табылады. Қазiр елiмiздiң барлық өңiрлерiнде қаназдыққа қарсы тұратын жоғары әсерлi азықтық өнiмдер, яғни органикалық және органикалық емес қышқылдар, көмiрсулар, витаминдер, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсендi заттар қоспасынан тұратын қосымша тағамдар бар. Соларды пайдалану арқылы қаназдықты емдеу мерзiмiн едәуiр қысқарта аламыз, олай болса аурудың алдын алуға асығайық.

 

Тұрсұлу Ақжігітова,
Қыркеңсе дәрiгерлiк амбулаториясының фельдшерi
Жаңақорған ауданы

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: