Facebook VK WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Бас сақинасы

Бас сақинасыӨмірде кездесетін көп аурулардың бірі -адамның басының айналуы, ауыруы, сақинасының ұстауы. Бас айналу ауруының басты себептері ішкі құлақ пен мидың зақымдануы, көздің ауруға шалдығуы және басқа да жағдайлар. Адамдар кейде тұрған қалпын кенеттен өзгерткенде олардың басы айналады. Ол ортаңғы, ішкі құлақтың қабынуынан. Ми тамырлары дұрыс жұмыс істемесе де бастың айналуы мүмкін. Мұндайда адам талықсиды. Спиртті ішімдіктерден де, улы газдардан да, темекіні көп тартқанда да бас айналады. Адамның басы қатты айналғанда оны төсекке жатқызып, дәрігерлік көмек көрсету керек. Бас айналудың себептерін анықтағаннан кейін ғана ем қолданған жөн.
Бас ауруы. Оған да әртүрлі сырқаттар себеп болады. Қан тамырларының қызметі бұзылса миға қан біркелкі келмейді де, соның салдарынан бас сырқырап, солқылдап ауырады. Бас ауруының ішкі секреция бездері бұзылса да, әйелдерде етеккірі келгенде немесе тоқтағанда да болады. Сонымен қатар, ол инфекциялық аурулардан, көз сырқатынан (алыстан көре алмау), құлақтың ауруға шалдығуынан, уланудан, ішімдікке салынудан, шылым шегуден, шаршағаннан да болуы мүмкін. Ескере кететін жайт, бас ауырғанда оған ешқашанда грелка қоймайды және ұйықтататын дәрі-дәрмек ішпейді. Бас сырқатын басатын жағдайлар: күнделікті тәртіпті қатаң сақтау, уақытында тамақтану, желдетілген бөлмеде жайлы ұйықтау, серуендеу, суға шомылу, емдік гимнастикалар жасау. 
Бас сақинасы. Оның басқа атауы – гемикрания. Ол грек сөзі «бастың жартысы» деген ұғымды білдіреді. Бұл сырқатта бастың бір жағы солқылдатып, қозғалғанда күшейіп ауырады. Бастың сақинасы ұстағанда кейде көздің көруі нашарлап, тіл күрмеліп, саусақтар шаншып, әлсіздік белең алады. Бас ауруы ұстамалары кез келген жаста бастала береді. Көбінесе 20-30 жаста пайда болып, 50 жастан асқан соң басылады. Бас сақинасы ауруы кейде тұқым қуалайды. Ол жыныстық жетілудегі гормондық өзгерістер мен күйзелістердің салдарынан болуы да ықтимал. Сондықтан басқа арналған дәрі-дәрмектермен қатар адамның мінез-құлқының сабырлы болуы да үлкен роль атқарады. 
Бас ауруына қарсы дәрілерді көп қолданғанда ағза оған үйреніп алады да, соны іздеп тұрады. Ауруды уақытша тоқтатқаннан гөрі, ағзаның қорғаныс қуатын арттырған дұрыс. Мұндайда алдымен тамақтануға көңіл бөлу керек. Кей жағдайда шоколад, кофе, шай, цитрус жемістері немесе никотин, тағы да басқаларға ағзаның қарсылығынан да бас ауырады. Мұны қан қысымын өлшеу арқылы анықтауға болады. Егерде жеген тағамыңыз ағзаның қарсылығын туғызбаса ғана мынандай емдерге, істерге көшіңіз: әуелі ағзаны тазалап алыңыз. Ол үшін 2-3 күн қатарынан жеміс, көкөніс шырындарынан басқа нәр татпау қажет. Шырынды қайнаған сумен араластырып, таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін әрбір 2 сағат сайын ішкен жөн. Ішекті тазалау үшін күніне 1 рет клизма жасалады. Осылайша, 2-3 тәулік ашыққаннан соң жеміс-жидек, көкөністер, жаңғақтар және сүт өнімдерімен тамақтанса, ол өте пайдалы. Күніне 3 рет емес, аз-аздап 6 рет тамақтанған дұрыс. Тәтті, ащы, қалбырланған тағамдардан аулақ болу қажет. 
Бас ауруына В тобындағы дәрумендерді пайдаланады. Әсіресе көктемде дәрігермен ақылдасып, осы топтағы дәрумендерді қабылдаған жөн. Сұйықты көп ішкенде ол ағзаны улы қалдықтардан, зиянды заттардан арылтып, бас ауруын жазуға шипасын тигізеді. 
Бас ауруының қайталануы. Кейде күніне 1-2 рет, кейде ұзақ, бірақ, жылына 2-3 рет болады. Бұл ауруға шалдыққанда адамның біресе оң жақ шекесі, біресе сол жақ шекесі ауырып, көзі «тесіп», басы қозғалтпайды да, науқас қатты күйгелектенеді. Мұндай жағдайда науқас бір ауыз сөзді де көтере алмайды, тамаққа тәбеті соқпайды, кейде қатты лоқсып құсады. Кейбіреулер одан 1-2 сағаттан соң, ал енді біреулері бір аптадан кейін ғана құтылады екен. Сөз басында атап өткендей, ең алдымен бас ауруын асқындырып алмаңыз.

Ақманап Матаева, 
терапевт - дәрігер
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: