Facebook VK WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

ҒАСЫР ЖАСАҒАН РАБИҒА АНА

ҒАСЫР ЖАСАҒАН РАБИҒА АНААдамзат баласы  өмірге пенде болып келген соң, әрине ол өзінің  саналы өмірін ұзақ та бақытты етіп сүруге талпынады. Тіпті, кейбірі ғасырдан аса өмір жасайды да.Міне, сондай адамдардың бірі бүгінде 100 жасқа толып, бір әулеттің ардақты да аяулы отанасы, өзі мекен еткен  Қармақшы ауданы,Төребай би ауылы тұрғындарының баталы қариясы атанған Маханова Рабиға Маханқызы. Рабиға анамыз жайлы толығырақ айтар болсақ, ғасыр жасаған кейуана 1914 жылы Арал теңізі жағалауында орналасқан  «Бөген»  балықшылар ұжшарында бар саналы өмірін балық аулаумен өткізіп,  қиыншылық кездерде ағайын-туыстарына, ұрпақтарына демеу болған  балықшы Махан деген кісінің отбасында дүниеге келеді.
Балалық шағында  жоқшылық пен  қиыншылықты, ашаршылықты   көріп өскен Рабиға Маханқызы өсе келе өзінің туып-өскен ауылындағы мектепте білім алады. Мектепте оқып жүріп,  әкесі Маханға балық аулауға және басқа да үй тірліктеріне  қолғабыс етеді.
1941 жылы еліміздің батысынан фашистік неміс басқыншылары ескертусіз  соғыс  ашып,  басып кіреді. Сөйтіп  елімізде Ұлы Отан соғысы басталып, Кеңестер Одағының халқы туған жерімізді неміс басқыншыларынан  қорғауға аттанады.
Ал, елде  қарт кісілермен бірге әйелдер, кәмелетке жасы толмаған балалар қалып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен  майдан шебінде жаумен соғысып жүрген отандастарымыздың елге жеңіспен оралуларына атсалысады. 
Әрине, солардың қатарында өзге құрбыларымен бірге  күндіз теңізге шығып балық аулап,  түнде  үйде аналарымен бірге түйе жүнінен шұлық тоқып, диірмен тартып, нан пісіріп, Жеңісті жақындатуға атсалысқан  Рабиға Маханқызы да болды. 
1945 жылдың мамырында төрт жылдан астам уақыт бойы әлемді өртке ораған екінші дүниежүзілік соғыс  Кеңестер Одағы әскерлерінің жеңісімен  аяқталып,  майданнан ауылдастар  орала бастады.  
Өздерінің қажырлы еңбектерімен тылдағы барлық ауырпалықты көтерген қарттар мен әйелдер, бұқанағы қатаймаған  балалар сол бір сұрапыл соғыс жылдарында өздерінің мойындарымен көтерген ауыр жүктен құтылды. Елде бейбіт өмір басталды.
1949 жылы Рабиға анамыз  өмірлік серігі, өзінің ауылымен көршілес «Большевик» ұжшарының жігіті, майдангер Сарбас Боранбаевпен отбасын құрады.  Жыл өте өмірге алғашқы перзенттері Даража келіп, отбасы саны толығады.
Жары Сарбас алғашқы кездері ауылдағы  балықшылар бригадасының бригадирі, содан соң ұжшар төрағасы болып еңбек етеді. 
Алпысыншы жылдары отбасы жағдайымен Боранбаевтар жанұясы  Жалағаш ауданындағы Қаракеткен елді мекеніне қоныс аударып. Онда отағасы Сарбай Боранбайұлы аймағымызда қой шаруашылығын өркендетуге атсалысу мақсатында бір отар қой қабылдап, қойшы болып еңбек етеді.
Бірақ,  ол көп ұзамай  ауыр науқастан қайтыс болады.
Ал, жетпісінші жылдардың ортасында Рабиға анамыз  2 ұл және 2 қызбен   Қармақшы ауданындағы Төребай би ауылына қоныс аударып, сол  ауылда тұрақтанып қалады.
Рабиға Маханқызы Төребай би ауылына көшіп келген соң шаруашылықта күрішші, бақшашы болып еңбек ете жүріп, балаларын оқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырады. 
Елге еткен еңбегі үшін де ол «Ұлы Жеңіске 20,30,40,50 жыл»,  «Тылда еткен еңбегі үшін» медальдарымен, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен және басқа да  марапаттарға ие болады. 
Бүгінде 100 жасқа толған  Рабиға анамыздың  Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылындағы үлкен қызы Даража  он бала тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере сүйген «Алтын алқалы» бақытты ана болса, Арал қаласында тұратын  үлкен ұлы Алтынбек бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олар да немере сүйіп отырған жайы бар.
Сонымен қатар, Жосалы кентінде тұратын екінші қызы Роза мен күйеу баласы Нағашыбектер де төрт бала тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Ал, кіші ұлы Алтынбек  анасы Рабиға мен әкесі Сарбастың құрған киелі отаудың иесі атанып отыр. Алтынбек «Октябрь топтық су құбыры» филиалының ауыл орталығындағы бөлімшесінде су маманы болып еңбек етсе, оның жары Бағила Сармолдина ауылдық кітапхана меңгерушісі. Екеуі де ауылдың ардақты азаматтары. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде.
Міне,  басына түскен  ауыртпалықты  көтеріп, қиыншылықтарды  жеңе білген, өмірге деген құлшынысының арқасында  100 жыл өмір сүріп келе жатқан бақытты да аяулы Рабиға анамыз бүгінде өзі  тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан 20 немере, 22 шөбере сүйіп отыр. Анамыз өзінің ұрпақтарына өмірдің түзу жолын сілтеп, оларды Отанына, туған халқына адал еңбек етуге тәрбиелеуде.
Рабиға анамыз өзіне сәлем бере келген ұрпақтарына, әрбір ауылдасына әрайым:
-Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықылыспен қол жайып,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Өрісіңе мал толып,
Ақ тілеуім жар болсын,-деген аналық ақ батасын беріп, тілектес тілеп отырған бақытты ана.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Қармақшы ауданы.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: