Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада қала күні мерекесі тойланады

Қызылордада қала күні мерекесі тойланадыҚазан айының екінші онкүндігінде «Қала күні» мерекесін өткізу жоспарлануда.Қызылорда қаласы - тарихы бай, өндірісі өркендеген, өткен ғасыр басында ұлт зиялылары қызмет еткен рухани орда.  Сан ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласының бейнесінде терең саяси, рухани мән жатыр. Бұл тек жарқын заманауи облыс орталығы ғана емес. Бұл біздің елімізге астана болған, әрі  тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар.
Қала күнін атап өтудің негізгі мақсаты – Қызылорда қаласының рухани, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін көрсету. Осы ретте, мереке аясында әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру, қаланың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау, арзан бағада ауыл шаруашылығы өнімдерінен жәрмеңкелер өткізу және өзге де түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізу жоспарлануда.
Үстіміздегі жылдың 13-16 қазан аралығында жастар арысында түрлі сипаттағы шаралар,  «Сыр – Алаштың анасы» тақырыбында жас ақындар мүшайрасын,  «Әнім сенсің Қызылорда» атты облыстық композиторлар мен жас әншілер байқауы ұйымдастырылмақ.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес Қызылордада мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдау, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, халыққа қызмет көрсететін мамандықтардың мәртебесін көтеру, сала мамандарының бастамалары мен шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында «Қызылордалықтар таңдауы» атты байқау өткізілуде. Байқау барысында түрлі саладағы ең үздік мамандар қызылордалықтардың өз дауысы, таңдауы негізінде анықталады.
Негізгі мерекелік шаралар 17-19 қазан аралығында ұйымдастырылады:
- 17 қазанда «Мерей мәртебем–Қызылорда» атты қала күніне арналған салтанатты шара өткізіледі. Салтанатты шара аясында «Қызылордалықтар таңдауы» байқауының қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталатын болады.
- 17-18 қазанда бір мезетте қалада салынып жатқан балалар спорт және ойын алаңдарын пайдалануға беруді, Ақсуат, Қызылжарма ауылдық окруктеріндегі балабақша мен амбулаторияны, Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойындағы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда.
- 18 қазан күні мерекелік шара «Ұлттың рухани арнасы – қазақтың Қызылордасы» атты қала күніне арналған эстрада жұлдыздарының гала концертімен және отшашумен жалғастырылады. 
- 19 қазанда қаланың 9 аумағында, яғни мөлтек аудандарында қала және аудандардың ауылшаруашылығы тауарөндірушілерінің жәрмеңкесі, «Сыр ана» монументінде  облыс аудандары мен жоғары және арнаулы орта оқу орындарының «Этно ауыл Қызылорда» атты көрмесі, концерттік бағдарламасы өткізіліп, Орталық алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар (қол күресі, гір көтеру, волейбол, футбол т.б.), «Алтын күз-2014» атты білім мекемелерінің жәрмеңке көрмесі, «Менің қалам – Қызылорда» атты қала өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: