Facebook VK WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Біл піләк май!

Біл піләк май!Осыдан 15-20 жылдай бұрын көрші ауылдардың бірінде болған оқиға деседі. Ол кезде жаңа техникалардың барлығы таңсық. Елдер видеокамерамен түсіріп жатса да фотоаппарат деп ойлап, дереу өзін ретке келтіріп, қаққан қазықтай қасқайып тұра қалатын кез. Той жасайды, тойды біреулер бастан-аяқ түсіріп, 1-2 айдан кейін бір-ақ монтаждап ап келеді. Той қазіргідей қымбат ресторандарда емес, ауылдағы палатканың астында өтеді. 
Біреу ауылда дүркіретіп той өткізіпті. Палау басуға деп 2 піләк сұйық май алған екен, оның бірі артылып қап, бөлек қойыпты. Тойдың ертесіне ес жиып, қалған құтқанды түгендесе әлгі бір піләк майды таппапты. Әрі іздепті, бері іздепті. Кім көтеріп кеткені белгісіз, онсызда тойда біраз шығынға батқан соң безек қағып, боқтап боралапты да қойыпты. "Тойға кетті ғой әйтеуір, жақсылықтың жанында бір піләк май садаға" деп өзін жұбатыпты ақыры. 
Тойдың видеосы да дайын бопты. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бәрі бір бөлмеге жиналып ап кәттә би, абыр-сабыр халық, ошақ басындағы келін-кепшік, дастархан басындағы кемпір-сампыр, шал-шауқан, қызып алған ағалар, еттің басында пышағын қайрап жүрген қасапшыларды көріп мәз боп отырғанда кадр басқа жаққа ауыпты. Көршісінің жүрісі өзгеріп, өз-өзімен қуыстанып, жаман сарайдың ішіндегі бір піләк майды тәшкісіне өңгеріп ап, абыр-сабыр халықтың арасынан жымын білдіртпей үйіне қарай зымырапты. Риясыз көңілге масайып, шаттанған халық той десе бәрін ұмытып, әлгі көршінің әрекетіне мүлдем мән бермей (видеодан көріп отыр) ақар-шақар боп жатқанда, әлгі оператор жігіт қана байқағандай көршінің ізіне түсіпті. Сол жерде той емес, кино басталыпты. Бір піләк майды тәшкісімен сүйреп бара жатқан көршісі де әйелімен сол жерде көрермен боп отыр екен. Тықақтап, тыпыршып терлей бастапты. Біл піләк майдың қолды болғанын сол жердегінің жартысынан көбі біледі. Экранға бір, көршісіне бір қарап, онсызда кірерге тесік таппай отырған адамды сұқтанған көздер өлтіріп барады екен...
Ұялған тек тұрмас, "Неменеге маған қарай бересіңдер, мен емес оны алған" депті ашуға мініп, біреу тергеп отырғандай. 
"Көрші-ау, ұрламасаң мына камера көрсетіп жатыр ғой, мойындасайшы" депті той болған үйдегі мосқалдау келген бәйбіше. 
"Әй, осы сендер қатындар бар ғой, телевизорда не көрсетсе соған сене бересіңдер, бұл жәй телевизор ғой" деп көршісі өзін-өзі ақтауға көшіпті. Көршісінің бұл сөзіне жиналған жұртшылық ду күліпті. Ешкім ұрысың деп табаламай, барлық мәселе сол күлкінің астында қалыпты. Бір отбасын асырап, ұл-қыз өсіріп отырған көршісін көптің алдында табаламай, тойдың иесі әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып, шат-шадыман көңіл күймен үйлеріне тарқасыпты деседі!
Жандос Байділда
фейсбуктегі парақшасынан
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: