Сейхун-инфо.кз / «ОҚУШЫЛАРЫМ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН РОБОТ ЖАСАП ШЫҒАРДЫ»

«ОҚУШЫЛАРЫМ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН РОБОТ ЖАСАП ШЫҒАРДЫ»


Қызылорда қаласындағы робототехника үйірмесінің жетекшісі Раушанбек Сариев қызылордалық оқушылардың робототехника бағытындағы қарқыны мен жаңашыл жобалары жөнінде сұхбат берді.
- Раушанбек Әбілдәұлы, қазір жер әлем ІТ бағыттың игі­лігін сезінуге асығуда. Түрлі технологиялар арқылы бәй­мә­лім жаңа жобалар өмірге енуде. Робототехника бағыты ал­ға шықты. Бұл үрдіске біз қаншалықты дайынбыз?
- Цифрландырудың қарқыны тым қатты екеніне келісемін. Алайда, біз ақпараттық технология, робото­тех­ника бағыты бойынша көрші Ресейден 5-6 жылға қалып қойып отырмыз. Бұл шындықты айтуға тиіспіз. Көрші Ресейде балаларды робот құрастыру, автомоти­за­ция бағытына бейімдеуде үлкен жүйе қалыптасқан. Мә­се­лен, робототехника сайысы бойынша олар ұлттық құра­маға бірігіп, өз командаларын қалыптастырып үлгерді. Жеке-жеке тренерлері, материалдық-техника­лық базалары қалыптасқандықтан көптеген додаларда жүлде орнын бермей келеді. Өткен жылы халықаралық жарыста Ресей балалары әлемде робототехникадан бірінші орынды олжалап кетті. Ал, бізде ше? Қазақстанда робототехника бағытында бірыңғай жасақ жоқ. Бұл енді ғана қолға алынып келеді. Оның үстіне дербес білім беру ұйымдары өз алдына, орта мектептер өз алдына бала дайындап, сынақтарға қатысады. Мұндайда Зияткерлік мектептің балаларының мүмкіндігі жай мектептерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Себебі қаржыландыру көзі мақсатты шешілген. Егер де қарапайым мектептер Зият­керлік мектептер секілді қомақты қаржыландырудан өтсе, орта мектептің білімдегі бәсі жоғары болатын еді.
- Бүгінде қанша бала техниканың тілін меңгеруге талпынып жүр? Жалпы оқыту сабағы ақылы ма?
- Қазір 40 бала тұрақты келеді. Мектеп жасындағы балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Ең төменгі сынып оқушысы 3-сыныпта білім алады. Алғашқыда балалар техникалық модельдеу, модельдік жиынтықтармен жұ­мыс жасай бастайды. Кейін радиоэлектроника элементтерін меңгереді, келе-келе ро­­бототехникаға көшеді. Осы кезеңдердің бәрін толық меңгерген бала келешекте міндетті түрде инженер­лік салаға таңдау жасайды. Себебі оның қабылдау деңгейі, ішкі қызығушылығы оқушы кезінен бастау алды. Ал, енді ақы мәселесіне келгенде әлеу­меттік жағдайы тө­мен, әлеуметтік әл­сіз отбасынан шыққан ба­лаларға үйірме тегін оқытылады, қалған оқу­шыларға ақылы ұйым­дас­тырылады. Бір айлық оқыту сабағы 3-5 мың аралығы. Ата-аналардың өздері кейде тегін ұйымдастырылады дегенде ке­рі бұрылып ке­тіп қалған кездер де болған.
Неліктен ақылы еке­нін де айта кеткен жөн. Балалардың қолындағы конс­трук­торлар, датчиктер, қа­жетті құрал-жабдықтарды қа­жетіне қарай алу үшін қаржы керек. Балалардан түскен ақ­шаға осы заттарды сатып аламыз.
- Раушанбек аға, ақшасын төледім болды деп баласың сүйреп апаратын ата-аналар көп пе? Баланың икеміне қарай қабылдайсыз ба?
- Әрине, мұндай оқиғалар болған. Дегенмен баланы қы­зықтыру керек. Мен алдыма келген балаға әуелі барлық конструкторлар мен құрыл­ғы­ларды шашып жіберіп, жа­ны қалаған затты жасап шығуын талап етемін. Сонда баланың қарымын байқайсың. Кейбір балалар сәулет ди­зайны­на қызығады, кей­бірі робототехникаға бейім келеді.
- Робототехника дегенде тек робот шығару ісі деп тү­сінетініміз жасырын емес. Маман ретінде айтыңызшы, робототехниканың тағы қандай бағыттары бар? Бала нені білу керек?
- Робототехника дегеннің өзі алғашқы техникалық моделдеу деген сөз, яғни модельдерді жасау. Робототехниканы білу үшін математика, физика, электротехника, радиоэлектрониканы жақсы түйсіну керек. Әрбір траекто­рия­ны, әрбір дөңгелектің диа­­­­метрін есептей білуі шарт. Осының барлығы робототехниканы құрайды. Робот деген чехтердің сөзінен "раб-құл" деген мағына береді. Біз­де құлтемір деп аударады. "Адамның құлы" деген мағына береді. Физикаға икемі бар, техникаға жақын бала робототехникаға бейімделеді.
- Оқушыларды робототехника әлеміне қызықтыратын үйірменің жетекшісі қызметін атқарасыз. Жаныңызға ілескен оқушылардың қарым-қабілеті қалай?
- Балдардың ынтасы жақсы. Небір дүниелерді жасауда. Кейде біздің ойымызға кел­меген идеяларды ойлап та­бады. Жақында Алматы қаласындағы мектеп оқушысы Қытайға барып, робото­тех­никадан І орын алып кел­ді. Қазақстанда балалардың робототехника сайыстарын ұйымдастыруды Казроботикс федерациясы қолға алады. Барлық балалардың қаржылық шығындарын федерация қолға алады. Яғни жыл сайын робот құрастырып, жоба жасаған балалардың қарымын бағалауда федерацияның байқауларының берері мол.
- Оқырманға қызық болар, роботтарды құрастыру ісінде қандай кезеңдерден өтесіздер? Осы бағытқа енді бейімделіп жүрген жастар істі неден бастауы керек?
- Балаларды ешқашан шектеген емеспін. Оқушыларым автоматтандырылған ро­бот қол жасап шығарды. Жасанды интеллект арқылы басқарылатын робот қол буынының қимылын жасайды, заттарды түр-түсіне қарай іріктейді. Сонымен қатар балалар жылжымалы метеос­танция жасап шығарды. Ол адамның аяғы жетпейтін жер­­лерде бара алады. Ауа-райының ылғалдылығын, радиацияның былғануын, ауа­ның ластану деңгейін зерттейді. Мұнан өзге "ақылды жы­лыжай", "ақылды үйлер" жо­­басын жасап шығардық. Бұл тек кішігірім жоба ғана. Егер де қалталы кәсіпкерлер қызығушылық танытып, жобаларға қаржы құйса, роботтарды өндіріске енгізуге болады.

Сұхбаттасқан Абай ТАҒЫБЕРГЕН
20-10-2018, 22:44
Вернуться назад