Сейхун-инфо.кз / Шырағы бар Базар қожа

Шырағы бар Базар қожа

Базар Қожа кесенесі Қазалы жеріндегі республикалық санаттағы археологиялық ескерткіштердің қатарына енгізілген. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басынан сақталған сәулет өнеріне жатады. Бекарыстан би ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан. Қам кірпіштен салынған оның құрылысын 1981 жылы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы зерттеген. Бұл күнде баба бейітінің басына халық зиярат ету үшін тілеухана салынған. Сондай-ақ кесене жанына ұрпақтары ескерткіш-белгі орнатқан.
Базар қожа сағанасы шикі кірпіштен тұрғызылған, күмбезі дөңгелек тұғырдан шығарылған. Алдыңғы беті ішке қарай біртіндеп кішірейе беретін үш аркалы порталмен бедерленген. Портал екі жағынан негізгі бөлікпен біріктіліп саздан құйылған тұтас мұанаралармен көмкерілген, күмбез астындағы төмен бөліктің шалқақ қабырғасы шығыңқы белдеумен өрнектеліп, сыланған. Базар қожа өз заманындағы ислам дінін уағыздаушылардың белгілі өкілдерінің бірі саналады. Ол көріпкелдігімен ел арасында қадірлі болған.
Кейбір деректер бойынша Базар қожа шамамен 1750 жылы дүниеге келген. Халық аузындағы әңгімеге сүйенсек, Хиуалықтар Сыр бойындағы Ақмешіт маңындағы Әззер ахунның ауылын шауып, мал-жанын айдап кеткен. Солардың ішінде Ыбырайым да тұтқын болады. Көп ұзамай Қазалы өңіріндегі Қаракесек Шойдың Бегімбеті Ыбырайымды қой бағуға қосады. Бала мал соңындағы тірліктен шаршап келіп ұйықтап жатса, байдың қыздары оның басындағы жанып тұрған шырақты көреді. Олар әкесіне: «Жалшының басында шырақ жанып тұр, соны алып бер», – дейді. Шырақ болып жанып тұрған айдарды бай кесуге оқталғанда бала жылап: «Әкем қойған айдар еді, оған тимеңізші», – деп жалынады. Алайда байдың әйелі оның айдарын кесіп, қыздарына береді. Байғұс бала көз жасы көл болып, жаны езіле мал бағып кеткен кезде әлгі әйелдің қол-аяғы тартылып қалады. Оны емдеуге бай Мүсірәлі баласы Қосым қожаны алдырады. Қосым қожа жолай қойшы баланы кездестіріп, оның керемет қасиеттерін байқайды. Одан жөн сұрасқан Қосым елінің шапқыншылыққа ұшырап, тұтқынға түскен әкесінің аты Әззер, сүйегі Қылыш қожа екенін біледі.
Бай алдына келген Қосым қожа: «Мына баланың бойында текті қасиет бар, бұған зәбір көрсеткендіктен әйелің науқастанып қалды. Енді сен оны отар соңына салма, бір балаңа еншілес ет», – дейді. Бай Қосымның айтқанын орындап, Мамытқа еншілес қылады. Қосым қожа Ыбырайымға: «Сен осы жердің қожасысың, мына отырғандар сенің ағайының. Бұдан былай атың Базар болады. Ал халқым оған бөтендік танытпаңдар!» – деп тапсырады. Осы елде қалған Базар қожа өзі емдеген қызға үйленіп, тамырын кеңге жаяды. Ол тарығып, қиналғанға аян беретін, науқасқа ем жасайтын емшілік қасиеті мен көріпкелдігі арқылы халық арасында кеңінен танылады. Сондықтан да үлкен сенімге ие болып, имандылық рухын жайған қайырымды жан болған деседі.
ХІХ ғасырдан аман жеткен бұл кесене тарихи-мәдени нысандар қатарында мемлекет қорғауына алынып, көпшіліктің тәу етер орнына айналып отыр.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
22-07-2020, 17:42
Вернуться назад