Facebook VK WhatsApp Instagram

Саясат

0

Ауыл шаруашылығын қалай дамытамыз?

Елбасымыз әрдайым ауылшаруашылығына баса мән берiп келе жатқандығы баршамызға аян. Өйткенi, елiмiздiң дамуында агроөнеркәсiп саласының алатын орны ерекше. Сондықтан бұл саланың өркендеуiне, асыл тұқымды мал түрлерi мен егiннiң жаңа мол өнiм беретiн, өзiндiк құны арзан дақылдарды егуге көңіл бөлгеніміз артық емес. Осының нәтижесінде шетелдерде сұранысқа ие, суды да аз қажет ететiн аудандастырылған дақылдар сорттары мен селекциялық түрлерiн шығаруға мүмкіндік туады, мол өнiмге қол жеткiзіледi. Аталмыш бағдарламаларды жүзеге асыруда ғылым мен техника, технологияның озық үлгiлерiн пайдалану талап етіледі. Сондай-ақ, бiлiктi мамандардың бiлiмi мен бай тәжiрибелерiне назар аударған артық емес деп ойлаймын. Мен ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Жинаған тәжірибем де аз емес. Көкейге түйген ой-пікірлерімді көпшілікпен ой бөліссем деймін. 

Өзім тұратын Жаңақорған ауданында негiзінен күріш дақылы егіледі. Оған байланысты көп мәселенiң бетi ашылады. Бiрiншiден, күрiш суды көп қажет етедi. Оның сапасын арттырып, мол өнiмнiң негiзiн қалайтын минералдық тыңайтқыш пен гербицидпен үстеп қоректендiруге көптеген шаруа қожалықтарының мүмкiндiгi шектеулi. Яғни, күрiш өсiруге жоғарыда айтылған екi себептің нәтижесiнде бiз өзiндiк құны жоғары, бiрақ сапасы мен өнiмдiлiгi төмен өнiм аламыз. Қазiргі өнiмдi ауа-райының қолайлығына қарай алып отырғанымыз баршамызға белгiлi. Мысалы, 2012 жылғы шiлде айының ортасында күн күрт ысып кетті. Соның салдарынан бас алып тұрған күрiштiң дәндерi сүт күйiнде қатып қалып, одан межеге жетер-жетпес өнім алған шаруашылықтарды жақсы бiлемiз. Оның үстiне айналымдағы күрiштiк жерлердiң құнарсыздығы тағы бар, негiзгi тамыры жететiн тереңдiкте жатыр, олардың су өткiзгiштiгi өте жоғары. Дақылға берiлген су мен тыңайтқышты топырақ бетi өсiмдiктiң негiзгi тамыры жететiн тереңдiкте ұстап тұра алмайды. Соның салдарынан күрiш танаптарынан тыс жерлердi ыза судың басып кетуiн соның айғағы деп ұғынғанымыз жөн болар. Сондықтан да күрiшшiлер су мен тыңайтқышты өзiнiң белгiленген нормасынан артық пайдаланады. Бұған ешкім дау тудыра қоймас. Соның өзiнде көптеген егіншілер әр гектардан 25-35 центнерден аспайтын сапасы төмен өнім өндiрiп отырғаны да ақиқат.
Қазiргi таңда аудандағы тұқым шаруашылығы болып есептелетiн «Түгiскен тұқым шаруашылығы» ЖШС-нiң өзiнде күрiш салысының бiр килограмының бағасы 40-45 теңгеден аспайды. Осы орайда ауыспалы егiс жүйесiн күрiшке ендiрсе деген ой қосқым келеді. Өйткенi, майда шаруа қожалықтарына бөлiнiп кеткен күрiштiкте бұл тіршілік жүйелi түрде атқарылып келе жатқан жоқ. Диқандар қалай десек те азын-аулақ болса да күрiш алуды ғана мақсат етедi. Сондықтан шығар, олардың кейбірі соңғы 10-15 жылдың iшiнде әр гектардан 20-30 центнерден ғана өнiм алуда. Былайша айтқанда, ауыз жарымастың тiрлiгi деуге негіз бар. Ендеше, суға тиiмдi өзiндiк құны арзан жүгерi, күнбағыс, мақсары, асқабақ, қызылша секілді суды аз қажет ететiн дақылдарды егуге бейiмделуiмiз қажет секiлдi. Бұл қалай дейтiн азаматтар болса айта кетелік. Мәселен, 1 гектар жерге егiлген қызылшадан 50-60, күнбағыстан 2,5-3, жүгерiден 5-7 тонна аралығында дәнi жиналса, 50-100 тонна арасында көк балауса алуға болады. Ал қауын-қарбыздан 40-80, асқабақтан 60 тоннадан астам өнiм келеді. Бұл ғылыми тәжiрибелiк негiзде дәлелденген. Оның үстiне қант қызылшасынығ қанттылығы 18-21 пайыз болса, күнбағыстың майлылығы 45-50 пайыздан кем емес.

 

 


Осы дақылдардың iшiнде облысқа кең тараған қауын-қарбызды көптеп егуге, одан мол өнiм алуға мүмкiндiгiмiз зор. Қауынның қауынқағы мен қауынқұрты, тiзбесi мен тетiгi, қарбыздың шырынына тек өз елiмiзде ғана емес, алыс-жақын шетелдердiң де қызығушылығы басым екендiгi өткен ғасырдың 70-90 жылдары Ресейге қауын-қарбыз тасыған азаматтардың сөздерiнен айқын байқалады.
Атап айтқанда, қауын-қарбыздың бiр гектарынан 45-80 тоннадан өнiм алынады. Сондай-ақ, олардан 70-80 пайыз аралығында шырын алуға болады екен. Баршамызға тиiмдi қауын-қарбызға шетелде сұраныс көп, өнiмi мол, экологиялық таза, емдiк қасиетi де жетерлiк. Оның үстiне қарбыз шырынының медициналық тұрғыдан алғанда емдiк қасиетi бар екендігін ғалымдар кезiнде дәлелдегенiн де есте ұстаған абзал. Жоғары өнiм беретiн бұл бақша дақылдарынан бiр гектардан 70-80 тоннаға дейiн өнiм алынады. Бұлардан 70-80 пайыз шырынын сығып алуға болады. Оның 13-17 пайызы дәнге кетедi, одан өсiмдiк майы алынатындығы, қалғанын жемге жiберуге әбден болады. Осыны ескерсек, қалдықсыз өнiмге қол жеткiзетiндiгiмiз айдан анық. Бiздiң оңтүстiк аймақтарда қарбыздың ерте, жаздық және күздiк деп аталатын үш түрi өсiрiледi. Кеш пiсетiн дақыл түрлерiнен қыркүйек айының ортасынан қазан айының соңына дейiн өнiм жинауға болады. 
Бұл өнiмдерден шырын сығу қондырғыларының көптеген түрлерi бар. Оның тұрмыстық және өндiрiстiк түрлерi де кездеседі. Олар көршiлес Ресей мен Қытайда шығарылады. Қондырғылардың тұрмыстық пайдалануға түрлерiнiң ең жеңiлi 6 келіден бастап 28-36 келіге дейiн барады. Ал өндiрiстiк құрылғылардың салмағы 1-1,5 тоннадан ондаған тоннаға дейiн жетедi. Яғни, бұл қондырғылардың ең кiшiсi тәулiгiне 300-400 литр шырын шығарса, өндiрiстiк қондырғылар тәулiгiне 250-300 тонна қарбыз шырынын дайындайды. Сонымен қатар, өнімдерді бөтелкеге, неше түрлi қораптарға құйып, оларды жауып бередi.
 
 
Бiздiң диқандар өнiмiн жинап алған соң қыруар майда қарбыз далада жинаусыз рәсуа болып жатады. Сондықтан өз тұрмысын түзеймiн деген азаматтар осы кәсiппен шындап айналысса, бұл таза табыс көзi. Бағасы да қолжетiмдi. Тұрмыстық қондырғылар 470-500 мың теңге көлемiнде болса, өндiрiстiк қондырғылардығ құны 1-9 млн теңгені шамалайды. Қазiргi тағда аталмыш қондырғылар тек Ресей мен Қытайда дәрiптелiп келедi. Ал мұны игеру бiздер үшiн өте тиiмдi екенi даусыз.
Осы тұрғыдан алғанда жеке тұрғындарымыз үшiн отбасылық шырын сығатын Воrk S511, Bork 801 және Bork-C-800 агрегаты бар екенін айта кетелік., Олардың бағасы Ресейдiң 19900 рублi жобасында екен. Ал мол өнiмдi шығаруға талаптанатын кәсiпкерлер үшiн L/C.T/T.B Western Union қант шырынын сығатын қондырғыларды сатып алуға болады. Оны Ресей және Қытай кәсiпкерлiк қоғамдастығы әрісі бiр айда жеткiзiп бере алады екен. Шағынын жеке үйiңде өзiң қолдансаң, үлкен қондырғыны қондырумен ондаған адамды жұмысқа тартуға болады. Айта кетерлiгi, оларда тек қауын-қарбыз ғана емес, өрiк, алма, алмұрт, сарғалы, шие, қызанақ секілді дақылдардың шырынын сығып алуға мүмкіндік туады.
Бiздiң бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз – күрiш егудi тоқтату деген мағына бермейдi. Егiлген күрiштiң өнiмiн арттыру, сапасын көтеру үшiн күрiштiң ауыспалы егiсiн қайта жаңғырту керек. Ол үшiн әр гектарынан 20-25 центнерден төмен өнiм алатын, аяқсуды босқа рәсуа етiп, жалпы өнiмнiң құнын түсiретiн түрлi шығындарға жол берiлмеуiн бақылауда ұстау қажет. Сондықтан олардың орнына суды аз шығындап, мол өнiм беретiн дақылдарды егу қай жағынан да тиiмдi екенiн баршамыз жақсы түсiнемiз.

Махмуд НҰРТАЗАЕВ, 
ғалым-агроном, еңбек ардагерi.
Жаңақорған ауданы.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: