Сейхун-инфо.кз / "Қайсар" "Астанаға" чемпиондық атақты сыйлады

"Қайсар" "Астанаға" чемпиондық атақты сыйлады

"Қайсар" "Астанаға" чемпиондық атақты сыйлады"Астана" футболдан 2014 жылғы Қазақстан біріншілігінің чемпионы! Елордалық ұжым бұл атаққа тұңғыш мәрте қол жеткізіп отыр. Олар өз алаңында Қызылорданың "Қайсарын" 3:0 есебімен тізе бүктіріп, бір тур бұрын чемпион атанды.
Бұл ойында алаң иелері сапынан Патрик Твумаси, Дмитрий Шомко және Фокси Кетевоама доп соқты. Кездесу астаналықтардың басымдығымен өтті.
"Қайсар" үшін "Астана" қолайсыз қарсыластың бірі. Екі команда 11 мәрте жасыл алаң төрінде кездескен. Небәрі 2 ойында ғана "Қайсар" жеңіске жетті. Үстіміздегі жылы 24 мамырда жерлестеріміз өз алаңында біріншіліктің кезекті турында 1:0 есебімен тізе бүктірді.  Оған дейін 2012 жылы Қазақстан кубогының1/4 финалдық сатысында дәл осы есеппен жеңіске жетті. Сондай-ақ, биыл қызылордалық футболшылар "Астанамен" өз тарихында алғаш рет тең ойнап, өз алаңында 1:1 есебі тіркелді. Бұған дейін 2009 жылдан бері "Астана" айласын асырып келді. 
"Астана" Қазақстан чемпионатында чемпион атанған тоғызыншы команда болып есептеледі. Бүгінгі күнге дейін Павлодардың "Ертісі" мен Ақтөбенің "Ақтөбесі" бес-бестен, Семейдің "Елімайы" (қазіргі "Спартак") мен Астананың "Астана-1964 (бұрынғы "Жеңіс") төрт-төрттен, Алматының "Қайраты" мен Қарағандының "Шахтері" екі-екіден, Қостанайдың "Тобылы" мен "Тараздың "Таразы" бір-бірден чемпион атанып үлгерді. 
Сондай-ақ, біріншіліктің аяқталуына бір тур қалғанына қарамастан алғашқы үш орынды қай командалардың алғаны белгілі болды. "Қайрат" күміс"Ақтөбе" қола жүлдегер атанды. Бүгін 1-6 орындар қатарындағы командалар сапында өз алаңында "Ақтөбе" "Қайратты" 1:0, Шымкенттің "Ордабасысы" Қарағандының "Шахтерін" 3:2 есебімен жеңді. Ал 7-12 орындар үшін сайыста мынадай есептер тіркелді: "Тараз" – "Ертіс" 0:3, "Спартак" – "Атырау" 3:1, "Тобыл" – "Жетісу" 2:0. 
Соңғы турда мына командалар өзара кездеседі: 1-6 орындар. "Қайрат" – "Астана", "Қайсар" – "Шахтер", "Ордабасы" – "Ақтөбе". 7-12 орындар.  "Атырау" – "Тобыл", "Жетісу" – "Ертіс", "Тараз" – "Спартак".    
1-11-2014, 19:50
Вернуться назад