Сейхун-инфо.кз / Шірік Рабаттың құпиясы қандай? 

Шірік Рабаттың құпиясы қандай? 


Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырымда орналасқан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.
Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі Шірік Рабат қалашығы. Шірік Рабат қаласы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Жібек Жолы бойында орналасқан. Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған. Шірік Рабат қалашығын алғаш зерттеушілердің бірі С.П. Толстов Шірік-Рабат қаласын ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Женд жолының бойында, Жендтен 20 фарсах (120 км) жерде орын тепкен Саг-дере мекенімен байланыстырады. Сонымен қоса, Саг-дере - түркі-иран сөздерінің тіркесі, мағынасы «оң аңғар, оң жақ алап» деген мағна береді. Ал шірік рабат қаласы Жаңадария өзенінің оң жағалауында жатқандығы белгілі. С.П.Толстов осындай дәлелдерді келтіре отырып, Шірік-Рабат қаласы ерте ортағасырлық Саг-дере қаласы деп тұжырымдайды. Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Шірік Рабат қаласы ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Шірік Рабат қаласын зерттеу 1946 жылғы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясымен байланысты. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) 2004 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. 2014-2017 жылдары облыстық бюджет есебінен қазба жұмыстары жүрді.
Сақ тайпаларының үлкен орталықтарының бірі Шірік Рабат қаласы ортағасырларда да халық қоныстанған мекендердің бірі. Шірік Рабат қалашығы қазақ халқының байырғы ата-бабалар мекені ретінде киелі мекен ретінде саналады.
Ескерткіш бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.
Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайтта (www.virtualmap.xyz) нысан туралы толық ақпарат бар.

«Қызылорда облыстық тарихи және мәдени
ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ
13-05-2020, 21:58
Вернуться назад