Гүлшара Әбдіқалықова: Сыр жұртшылығы бұл қиындықты да еңсереді
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр жұртшылығына үндеу жариялады.
Онда «Құрметті сырбойылықтар! Облыста коронавирус індетінің таралуы қарқын алып барады. Бұған қарсы қатаң шараларды қабылдамасақ, жағдай ушыға береді. Сіздерден сұрайтыным, карантин талаптарын қатаң сақтауымыз керек. Отбасылық жиын-тойларды мүлде өткізбеуге шақырамын. Әсіресе, егде жастағы азаматтар осы ережеге бағынуы тиіс. Аса қажеттілік болмаған жағдайда, үйден шықпаған жөн. Қазіргі таңда Қызылорда облысында Қазақстанның 24 азаматынан коронавирус инфекциясы анықталды. Қызылорда қаласында – 6 жағдай, Жаңақорған ауданында – 15, Қармақшыда – 2, Шиеліде - 1. Бүгін анықталған 6 науқастың екеуі Жаңақорғаннан. Олардың ауру жұқтырған алғашқы адаммен байланысы бар. Шиеліде және Қызылорда қаласында тіркелген індет жұқтырған адамдар да жаңақорғандық науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған. Қармақшыдағы жағдай бойынша, бір науқас Алматыдан келген. Ал екіншісінің қай жақтан екендігі анықталып жатыр. Жалпы облыс бойынша инфециялық стационарда – 18, провизорлық стационарда – 8, карантиндік стационарда – 95 азамат жатыр», - деп атап өтті облыс әкімі.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасағанына тоқталды.
«Мәлімдемеде ең алдымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынатын болды. Менің ойымша бұл - экономикамыздың қозғаушы күші саналатын сала өкілдеріне деген бірегей мүмкіндік. Сондай-ақ, президент ақ халатты абзал жандардың қызметіне құрметпен қарауға шақырды. Осы мақсатта, дәрігерлер мен медицина мамандарына үш ай бойы қосымша үстемақы төленетінін айтты. Аграрлық аймақ саналатын Сыр өңірінің де еңбеккерлері осындай қолдауға ие болады. Сала кәсіпкерлерінің қаржылық институттар арқылы жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, дизель отынының нарықтық бағасы 15 процентке арзандатылып, жеңілдікпен бағамен жеткізіледі. Әлемде коронавирус індетінің таралып, жаһандық экономика дамуының бәсеңсуі салдарынан инфляциялық процеске тосқауыл қою қиын болып отыр. Осыған байланысты мемлекет басшысы зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін, сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік көмек мөлшерін қайта қарауды міндеттеді.
Мемлекет аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шеутеулі азаматтардың жағдайын да ескеріп, тұрмысқа қажетті заттар және азық-түлікпен толық қамтамасыз етеді. Облыстағы барлық деңгейдегі әкімдер президент тапсырмасын жүзеге асыруы тиіс. Облыстық әкімдік тиісті шешімдер қабылдайтын болады. Сыр жұртшылығы бұл қиындықты да еңсереді. Біз біргеміз», – деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.