Facebook WhatsApp Instagram

Экономика

0

Ешкі өсірген кәсіпкердің табысы мол

Қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алып, өзіңіз қалаған істі қолға алсаңыз болады. Бұл мақала мемлекет берген мүмкіндікті құр жібермей, ешкі өсіруді қолға алған ақтөбелік Феруза Әбжаппарова туралы болмақ.
Феруза негізінен Ақжар ауылының тумасы. Тәрбиеші білімі бар ол бүгінде Ақтөбе ауылының келіні, аяулы жар, ардақты ана және жас кәсіпкер. Мамандығы бойынша жұмыс көзі болмағандықтан, үйде құр отырмай кәсіппен айналысуға бел буады. Кәсіпкерлік палатасы арқылы 2018 жылы «Бастау бизнес», 2019 жылы «Жас кәсіпкер» курсын оқып, сертификат алып, кәсіпкерлік негізін түйсінеді. Бизнес-жоспар жасап, мақсатына қарай қадам басады. Осылайша өткен жылы 505 мың теңге көлеміндегі грант иегері атанды. Бар қаржыға ешкі сатып алып, қазір оны күтіп-баптауда.
Ешкіні қазақ халқы төрт-түлік санатына қоспаса да, Шекшек ата деп қадір тұтқан. Оның сүтінің түрлі дертке дауа, етінің емдік қасиеті мен түбітінің пайдалы екенін халқымыз ертеден білген. Отар-отар қойы бардың бірлі-жарым болса да ешкісі болған. «Серкесіз қой отары болмайды» деген мақал да бұған айқын дәлел. Кейіпкерімізден таңдауы неге осы түлік түріне түскенін сұрағанымызда, біріншіден тез көбейетінін алға тартты. Сондай-ақ көпшілік біле бермейтін өзге қасиеттері туралы да әңгімелеп берді.
– Өзге түлік түріне қарағанда ешкіге көп күтім қажет емес. Ол жаздың аптап ыстығына сөзімді. Қой секілді қотыр болып, көп құрттамайды. Қай жағынан да өте таза жануар. Жайылғанда да шөпті отап жемей, шөкімдеп жүріп жайылады. Тек олардың қыстық қорасы жылы болуы керек. Себебі шекшек ата тұқымы суықты бірден сезеді. Табанынан суық өтсе, екінші мәрте ол жерге жоламайды. Сондай-ақ ешкі өте өсімтал. Грант ұтып алғанымда 20 бас ешкі сатып алғанмын. Биыл олардың 16-сы төлдеп, қорамыз толып қалды, – дейді жас кәсіпкер.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: