Қызылордалық кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар игілігін көрді
Мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар есебінен және Үкіметпен отандық бизнеске қаралған жеңілдіктер арқылы облыста кәсіпкерлік салаға қолдау көрсетіліп келеді.
Мәселен, бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларының несиелендіру тетіктері жетілдіріліп, қосымша қаражаттар тартылды. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қаралған 1,7 млрд. теңге қаржы 3,4 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бөлінген қаражаттың
83,4 пайызы несие бойынша пайыздық мөлшелемерді субсидиялауға бағытталды.
Бағытталған қаражат аясында жыл басынан бері "Даму" қорымен жобаларға 415 млн. теңге көлемінде субсидия төленді. Оның ішінде биылғы жылы мақұлданған жобалардың саны 58-ді құрайды.
Сондай-ақ, бағдарлама аясындағы кепілдік жыл басынан бері жалпы құны 710,7 млн. теңгені құрайтын 44 жобаға босатылып, бөлінген қаражат аясында 142 млн. теңге көлемінде комиссия төленді.
Айта кету қажет, бағдарлама аясында жаңашыл болып танылған жобаларды іске қосу үшін қайтарымсыз гранттар беру құралына 31,5 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда, облыстық бюджеттен қосымша қаржы тарту мүмкіндіктері пысықталуда.
Ағымдағы жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді-мекендерде және Қызылорда қаласында шағын несиелер беру үшін 3 353,4 млн. теңге бөлінді.
Бөлінген қаржылар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» (1 862,0 млн. теңге) мен «Аграрлық несие корпорациясына» (1 241 млн. теңге) орналастырылды.
Бағдарлама аясында шағын несиелер кәсіпкерлерге 6,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (18 057 000 теңге) жылдық 6 % - бен беріледі. Аталған сыйақы мөлшерлемесі көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін жылына 4% - ға дейін төмендетілген.
Жыл басынан бері, «Еңбек» бағдарламасы арқылы облыста кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын 291 жобасы шағын несиелерге қол жеткізді.