Facebook WhatsApp Instagram

Экономика

0

ІТ бағыттағы жаңа бизнес

Қазір пластиктен жасалған бұйым, ойыншықтар мен кәдесыйлардың түрі сан­алуан. Бұл – ІТ саланың бір жетістігі. Айталық, 3Д модельдеу бағдарламасы арқылы бұйымның бейнесін компьютерде нақты өлшемде сызып, 3Д принтер арқылы суретті 3 түрлі бейнеде шығаруға болады.
22 жастағы Фархат Орынбасар қызық әрі күрделі саланы Қытайда жүріп үйренді. Мектеп бітірген соң көрші елдер Ресей немесе Қытайда оқимын деген шешімге келді. Бала күннен компьютерге бейім әрі ғылыми жобалардан қалмайтын Фархат Қытайдағы емтиханды сәтті тапсырды. Бұл таңдауына әпкесінің де Бейжіңде білім алуы әсер еткен болатын. Осылайша ол Геонау­ка университетіне «Автоматтандырылған басқару» мамандығы бойынша оқуға қабылданды.
Студент кезінен-ақ ІТ сала бойынша алыс-жақын шетелдердің тәжірибесін зерттей бастады. Оқуды аяқтап елге келген соң, 3Д принтер арқылы өнім жасауға қызықты. Ол үшін «Бастау бизнес» жобасында оқып, арнайы бинзес жоспар дайындады. Ерекше әрі тиянақты жоба бірден назарға ілікті. Осылайша, «Еңбек» бағдарламасы арқылы3 миллион теңге грант ұтып алды.
– Бұл кәсіпті наурыз айында бастадық. Керекті құрал-жабдықтарды Қытай елінен алдырдық. Қазір пластиктің бірнеше түрінен терезе бөлшектерін, бассейн детальдарын, кәдесый, ойыншық мүсіндер мен лампалар жасаймыз. Қызылорданың нарығы өте құбылмалы. Басқа қалаларға қарағанда, сұраныс та жоғары емес. Сондықтан нарықты зерттеп, зауыттармен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алдық.  Жуырда осы бағытта америкалықтардың жүйесін пайдалану, тәжірибесін іске қосу мақсатында вебинар ұйымдастырдық. Нәтижесінде жаңа жоба әзірлеп жатырмыз, – деді ол.
Бүгінде медицина, құрылыс сынды салаларда 3Д принтермен құрал-жабдықтар жасау өндіріске енгізілген. ІТ саланың бұл бағытындағы мамандықтар еліміздегі «Жаңа мамандықтар атласында» да бар. Сондықтан қызылордалық жастардың жаңа бағытта бизнес бастағаны қуантады.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: