Сәрсенкүл Бихожа: Вакцинаға сенімсіздік қайдан пайда болды?
Бүгінде ковидке қарсы вакцинаны да, оны өз еркімен салушыларды да жақтырмайтындар жетерлік.
Жек көру сезімдерін білдіріп, әралуан ғайбат әңгіме айтып жатқандардың көпшілігі жаны қиналғанда тегін дәрігерлік көмек ала алмаған, әртүрлі себептермен сапалы дәрігерлік қызметке қол жеткізе алмаған, бәрінен бұрын бұған дейін екпе салдырғаннан кейін денсаулығына сызат түскен жандар немесе жақындары. Әсіресе екпе салдыртқаннан кейін ауру болып қалған балалар тағдырын айтсаңызшы.
Жасыратыны жоқ, бір уақыттары осындай жағдайлар орын алды. Арзан вакцина себепкер деп сылтау айттық. Дәрігер, медбикенің жауапсыздығын да жылы жауып қойдық. Жалпы медицина саласындағы келеңсіздік уақыт өте алдымыздан шықты. Көп жұрт ковидтің қаншалықты қауіпті екенін біліп тұрғанымен, одан сақтану жолын түсініп тұрғанымен, бұрынғы вакциналардың кері әсерінен бойда қалған қорқынышын, ойда қалған үрейін жеңе алмай тұр.
Медицина саласы осы жолы аса жауапкершілік танытып, сапалы вакцинамен қатар қалтқысыз қызметі, халық денсаулығына деген шын жанашырлығы арқылы жұрт сенімін қайтаруы керек. Сенім жоғалған тұста оны қайта қайтару да оңай емес.