Өткен жылдың 19-31 желтоқсан аралығында электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыруға және облыс тұрғындарын ынталандыруға арналған Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Барлығыңа бірдей, әркімге қолжетімді» акциясы өтті.
Аталмыш акцияға белгіленген мерзім ішінде 482 тұрғын қатысқан. Акция шартына сай әрбір 10-шы қызмет алушыға ақпарат тасығыш (флешка), әрбір 50-ші қызмет пайдаланушыға ұялы телефон таратылуы тиіс-ті. 16 қаңтарда өткен акция қорытындысы бойынша жеңімпаздарға 39 тұрғынға флешка, 9 қызмет алушыға ұялы телефон табысталды.
- Қазақстанда электронды үкімет құру идеясын Елбасы алғаш рет 2004 жылғы жолдауында айтқан болатын. Ал электронды үкімет веб-порталы 2006 жылы іске қосылды. Бүгінде www.egov.kz порталы арқылы 121 қызмет түрі қолжетімді. Қызметтің 112-сі сандық қолтаңба арқылы алынса, 9-ы электронды сандық қолтаңбасыз көрсетіледі. Қазіргі таңда аймақта 48596 адам электронды қызметке жүгінеді. Айта кететін жайт, 2014 жылдың желтоқсанында электронды үкімет порталына 3 миллионыншы пайдаланушы ретінде жерлесіміз Еламан Серкебаев тіркелді. Тиімді электронды үкімет порталын пайдаланған баршаңызға алғысымды білдіремін және алдағы уақытта да белсенді болуға шақырамын,- деді жиын барысында облыс әкімі аппаратының электронды әкімдікті интеграциялау және дамыту бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова.