Өңірде 22 қарашадан бастап коронавирусқа қарсы ревакцинациялау басталады
Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 азамат тіркелді. Оның 6-сы індетке қарсы екпе алмағаны белгілі болды. Аталған жеті дерек бойынша 36 адам вирус жұқтырған адамдармен тығыз байланыста болғандығы анықталып, медициналық бақылауға алынды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
«Облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін коронавирус індетін жұқтырған 19 170 жағдай тіркелді. Ауруға шалдыққандардың 70 пайызы клиникалық белгілерімен анықталған. Дегенмен, соңғы екі айда КВИ аурушаңдық деңгейі төмендеп келеді. Атап айтқанда, қыркүйек айында 1 125 жағдай анықталса, қазан айында 949 жағдай, ал қараша айының 15 күнінде 319 дерек тіркелді.
Айта кететін жәйт, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №49 қаулысына сәйкес, 22 қарашадан бастап КВИ-ге қарсы ревакцинациялау басталады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері және 60 жастан асқан адамдар ревакцинациялаудан өтетін болады», - деді Әлия Мүтәліпқызы.