Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні шеңберінде 2015 жылғы 2-11 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Бұл қолымыздан келеді!» ұранымен онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған онкүндік өтеді.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында және онкологиялық диспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Онкүндік мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтау мәселелерінде тұрғындардың және медициналық қызметкерлердің хабардарлығын арттыру, сондай-ақ, скринингтік тексерулерді уақытылы өтудің қажеттігі жөнінде халықты ақпараттандыру болып табылады.
Шара шеңберінде республиканың барлық өңірінде МСАК ұйымдарында онко-қырағылықты арттыру және онкологиялық аурулардың алдын алу мәселелері бойынша медициналық қызметкерлерге семинарлар және халық көп жиналатын орындарда: супермаркеттерде, авто және темір жол бекеттерінде, кәсіпорындарда, білім беру ұйымдарында кең ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Азаматтарға скринингтен өтуге шақыртулар және ақпараттық материалдар таратылады. МСАК ұйымдарында және онкодиспансерлерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, кардиолог, эндокринолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, уролог және онколог мамандар кеңес береді.
Айта кету керек, аталған іс-шаралардың барлығы өңірлерде 2-11 ақпан күндері аралығында өткізіледі. Толық ақпаратты МСАК ұйымдарынан және онкодиспансерлерден білуге болады. Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні жыл сайын 4 ақпанда атап өтіледі. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі.
Бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау ұйымдарында обырды диагностикалау және емдеуге қажетті барлық озық технологиялар бар. Әсіресе, ауру ерте кезеңде анықталған жағдайда науқас үшін обырдан толықтай айығып кетуге мүмкіндік бар. Профилактикалық медициналық тексерістер қатерлі ісіктің алдын алуда және ерте кезеңде анықтауда ең тиімді амал болып табылады.