Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Тұмау ауруы тұқыртып тұр

Тұмау ауруы тұқыртып тұрОблыста тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталды. Оған себеп былтырғы жылмен салыстырғанда тұмау ауруы 59 пайызға жоғарылаған. Оның 86 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Осыған орай қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасында жедел респираторлы вирусты инфекциясы және тұмаудың эпидемиологиялық жағдайы туралы баспасөз мәслихаты болып өтті.
Аурудың алдын алу мақсатында облыста барлық емханаларда тұмауға қарсы екпе жұмыстары жүргізілуде. Өз еркімен келіп вакцина алатындардың саны жыл санап артуда. Оған себеп екпе сау адамдардың 70-80 пайызын тұмау жұқпасынан, 60 пайызын әртүрлі асқынулардан, ал 80 пайызын өлім-жітімнен сақтайтын көрінеді.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Қайрат Мырзахметов жұқпалы аурулар ауруханасының мәліметіне сүйене отырып, қазіргі күні өскелең ұрпақтың арасында асқазан ауруы мен иммундық тапшылыққа ұшырағандар саны көбейгендігін айта кетті. Сол үшін жоспарлы түрде жұмыс жасап, тұмаудың алдын алу мақсатында мектеп жасындағы балаларды жиі ақпараттандырып тұру керектігін алға тартты.
Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының эпидемиология бөлімінің басшысы Айнұр Тұнғышбаева қаладағы емдеу-сауықтыру және білім мекемелері жедел респираторлы инфекция және тұмауға қарсы жұмыс жасауға дайын екендігін және дәрі-дәрмектер қоры жинақталғанын айтты.
№3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Досованың айтуынша, бүгінгі күні аталмыш емдеу орында тұмауға қарсы 1338-ге жуық адамға екпе егілген. Қазіргі күні қаладағы 11 мектеп пен 35 балабақша арасында осы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар зейнеткерлер мен әртүрлі аурудың асқынған түрлерімен ауыратындарға вакцина тегін егіледі. Ақхалаттылардың айтуы бойынша, тұмауды көбіне балалар мен иммунитеті әлсіз жандар жұқтырып жатады.
Айта кету керек, жүктіліктің 3-ші айынан бастап болашақ аналар да тұмауға қарсы екпені салдыруға міндетті. Ол ана құрсағында жатқан сәбиді жұқпалы індеттен сақтайды. Бұл науқан қарашаның 15-не дейін аяқталуы тиіс.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: