Арал аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің мамандарының қатысуымен туберкулезді ерте анықтау және алдын алу мақсатында, Арал қаласындағы №83 қазақ орта мектебінде «Туберкулезге қарсымын!» тақырыбында ашық пікір кеші өткізілді.
Кешке Арал қалалық №83 мектептің оқу ісінің меңгерушісі бастаған 32 мұғалім, 67 оқушы қатысты. 57 оқушыға сауалнама жүргізілді.
Арал аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігер фтизиатр Суюнова Бибіғатша «Туберкулезге қарсымын!» тақырыбының негізгі мақсатына тоқтала келіп, оқушыларды жат әдеттерден сақтауға, өз денсаулығының қадірін жете білуге, жұқпалы туберкулездің алдын алып, салауатты өмір қалыптастыруға шақыра отырып, туберкулез ауруынан сақтану жолдарын жан жақты түсіндірді.
Диспансердің дәрігер фтизиатры Үмбетов Қанат, оқушылардың жеке бас тазалығын сақтау және туберкулез дертін жұқтырған әрбір адамдағы ауру белгілері туралы айта келіп,өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.