ҚЫЗЫЛОРДАДА ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі саланың үздіктерін марапаттады.
«Үздік дәрігер», «Үздік менеджер» мен «Жыл инновациясы», «Кезек күттірмейтін емхана» номинацияларын жеңіп алғандарға облыс әкімі 500 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстың Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі» белгісімен марапатталды.
Аймақ басшысы дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д.Назарбаеваның құттықтау хатын жеткізді.
- Қазіргі таңда қан айналым жүйесі аурулары жалпы аурушандықтың басым бөлігін құрап, өлім жітім құрылымындағы негізгі себептің бірі болып отыр. Осыдан да өңірде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтерді жетілдіру шараларына баса мән беріп, мамандардың шет елдерде білімдерін жетілдіруіне күш салдық. Ізденісіміз текке кетпеді. Облыстық кардиохирургиялық орталық ашылып, осы уақытқа дейін аталмыш орталықта 4000-нен астам ота жасалды, олардың 600 –дейі - ашық жүрекке жасалса, 5 мыңнан астам коронография жүргізіліп, 1500 науқасқа стент қойылды. Ұлт саулығы мемлекеттің негізгі капиталы десек, сол баға жетпес қазынаны қызғыштай қорып жүрген Сіздердің еңбектеріңіз қашанда жоғары бағаланады, - деді облыс әкімі
Соңғы 3 жылда облыстың денсаулық сақтау саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда біршама жұмыстар атқарылды. Жалағаш, Қармақшы мен Сырдария, Шиелі аудандарында ауруханалар ашылып, 30-ға жуық дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік акушерлік бекеттер салынып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Жаңақорғандағы аудандық ауруханының құрылысы аяқталатын болады. Сонымен қатар, Қазалы ауданынан аурухана салу үшін қаржы мәселесі шешімін тапты. Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Сондай-ақ, биыл алғаш рет резидентурада білім алу үшін облыс әкімінің 25 гранты бөлінді.
Облыста 175 орындық өңірлік онкологиялық орталық ашу жоспарлануда. Жыл басынан бері қатерлі ісікке шалдыққан ауыр науқастардың өмірін ұзарту, күтуге бағытталған паллиативтік көмек бөлімі ашылып, қызмет көрсете бастады.
Қазалы теміржол ауруханасы базасында нейроинсульттік орталық, облыстық перинаталдық орталықтан әйелдерге арналған оңалту бөлімі, күні кеше облыстық медициналық орталық жанынан офтальмохирургиялық орталық ашылды. Көз аурулар бөлімінде жылына 1100-1200 жуық ота жасалса, бұл көрсеткіш 1,5 есе көбейеді деп күтілуде.