Facebook WhatsApp Instagram

Экономика

0

Сыр елінде 131 нысанның құрылысы жүргізілуде

Сырбаз Сырдың сыралғы қаласы - Қызылорда қарқынды құрылыс аймағына айналған өңір. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен аймақта тың жобалар өркен жайып, ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалуда. 


Соңғы 8 ай ішінде өңірде инвестиция қарқыны артты. Республикалық бюджеттен қаржы тарту көлемі биылғы жылға едәуір көбейді. Мәселен, биыл республикалық бюджетте құрылыс, жол, энергетика салаларының өзіне 62,8 млрд.теңге қаражат қаралмақ. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 млрд.теңгеге дейін жеткізу жоспарланды. Ал, облыстық бюджеттен елді мекендерді дамытуға 15-20 млрд.теңге бөлу жұмыстары жүргізілмек. 
Демек, 2022 жылдың алғашқы айларындағы инвестиция қарқынымен салыстырғанда өсім 5 есеге ұлғаймақ. Қомақты қаражаттардың нәтижесінде аймақта ауқымды жұмыстар бастау алып, жаңа жобалардың тамырына қан жүгіреді. 
Биыл өңірде жаңадан 131 нысанның құрылысы жүргізіледі. Тарқатып айтқанда, білім саласында 22,3 млрд.теңгеге 22 нысан салынбақ. Оның 10-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы жаңа мектептерге тиесілі.
Ірі нысандардың бірі ретінде Сырдарияның сол жағалауынан 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орынға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысын жүргізуге қолдау табылды.
Денсаулық сақтау саласында 16 нысанды салуға 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде 12 дәрігерлік амбулатория, онкологиялық орталық, қан орталығы, Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана салынады және Арал қаласында туберкулезге қарсы орталық қайта жаңғыртылады.
Мәдениет саласында да ауқымды жобалар іске асады. Құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын 11 нысан ел игілігіне бағытталмақ. Айталық, жаңадан 8 ауылдық клуб, Қызылорда қаласында көпсалалы кешен, Неке сарайы, Әйтеке би кентінде 600 орындық клуб құрылысы жүргізу жоспарға енді. 
Спорт бағытында жаңадан 7 нысан салу бастамасы бар. Оның басым бөлігі - ауылдық жерлерде салынады. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілмек. 
Аймақта тұрғын үйлер салуда сәтті бастама бар. Биыл 23 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 12 үй, 11 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Мұнан өзге, сол жағалау бойынан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үй бой көтереді. 
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта туған жеріне жанашыр демеуші азаматтарды ортақ іске біріктіріп, 9 млрд.теңгеден асатын ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды.
Жыл соңына қарай құны 3,7 млрд.теңгеге 1000 орындық Өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы да есігін айқара ашады. 
Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылыс жұмыстары жүруде. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы ел игілігіне берілмек.
Аудандар мен шағын ауылдарда жаңа нысандар салу бастамасы орнықты түрде жүруде. 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, "Балықшылар монументі" мен Аллея ашылды. Тағы бір ауданда заманауи демалыс паркі ел игілігіне берілді. Мұнан бөлек, "Еңбекшілер аллеясы" бой көтерді.
Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы алынған 150 автобустың 100-і келсе, биыл қосымша тағы 150 автобус алуға қаржы бөлініп, автобус паркі 300 жаңа көлікпен толығады.
Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Ақпан айында шамамен құны 12 млрд. теңгені құрайтын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы құрылысы басталады. Терминалды салуға Болат Өтемұратов қоры ниет білдірді. 
«Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорнымен келісім нәтижесінде облыс орталығында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы жүзеге асады. 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының құрылысы басталады. Жаңа стадион құрылысына «Саутс Ойл» компаниясы демеушілік етуге ынта білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда.
Өңірде әр жыл сайын бірнеше елді-мекенге табиғи газ тартылып, қаншама отбасы көгілдір отынның қызуын сезінді. 2022 жылы 7 ауылдағы 15 мың халық көгілдір отын игілігін көріп, отын жағып, күл шығару бейнетінен арылды. Нәтижесінде аймақ тұрғындарының табиғи газбен қамту үлесі 68 пайызды құрады. Биыл өткен жылы бастау алған 7 жоба мен жаңадан 8 жаңа жоба іске асады. Осылайша жыл соңына дейін тұрғындардың газға қол жеткізу көрсеткіші 72 пайызға жетеді.
Бүгінгі күні Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Өңірдегі 230 ауылдық елді мекен тұрғындарының 98 пайызы орталықтандырылған ауыз су тұтынады. Биыл ауылдық жердегі 20 елді мекенді топтық су құбырына қосу, ішкі су жүйелерін салу және су тазарту қондырғысын орнату жұмыстары жасалады.
Биыл қала аумағын толықтай жылумен қамтитын түрік инвесторларының қолдауымен іске асатын құны 215 млрд.теңгелік жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталады.
Осы жылы 2,1 млрд. теңге сомасына 5 жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынылып, оның 2 жобасы 923 млн. теңгеге қолдау тапты. 9 жоба республикалық бюджетті нақтылау кезінде ұсынылатын болады.
Жол сапасын жақсартуда жаңа жобалар аз емес. 2022 жылмен салыстырғанда жолға бөлінетін қаржы 2 есеге артты. Биыл ұзындығы 440 км құрайтын автомобиль жолдары мен көшелерді жөндеуге және 11 көпірді салуға және жөндеуге 14,8 млрд теңге бөлінді.
 «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласына қарасты 6 елді мекеннің көшесі және 7 ауданның орталықтары мен бірге 25 ауылдағы 100-ден аса ішкі көшелер толықтай жөндеуден өтеді. 
Жөндеу жұмыстарының нәтижесімен жыл соңына қарай өңірдегі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық көрсеткіші 87,5 пайызға жетеді.
Өңірдегі әрбір жобаның уақытылы әрі сапалы түрде іске асырылуы облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: