Қызылордада заңсыз дәріханадан дәрінің 100-ден астам түрі айналымнан алынған
Қызылорда облыстық полициясы тарапынан дәрі-дәрмектердің сатылу заңдылығына жүргізілген мониторингі кезінде Қызылорда қаласында заңсыз дәріхана ашып, лицензиясыз дәрі-дәрмек сату фактісі анықталған болатын. Дәріханадан дәрілік заттардың 100-ден астам түрлері айналымнан алынған.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің сұрауына байланысты, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті жүргізген тексерулердің қорытындысы жария болды. Яғни, дәрілік заттардың басым бөлігі Қазақстан Республикасында тіркелмеген және медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілмеген препараттар болып шықты.
Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау Департаментінің анықтамасына сәйкес, барлық дәрі-дәрмектің ішінде тек 2 млн 926 мың теңгенің дәрілік заттары шекті бағалар белгіленген дәрі-дәрмекке жатады.
Заңсыз әрекет иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін аталған факт бойынша материал сотқа жолданды.
Дәрілік препараттардың заңсыз саудасына қатысты қандай да бір ақпарат білсеңіз – Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарлауды сұраймыз. Департаменттің 8 (7242) 21-52-09 нөмірлі «сенім телефоны» тәулік бойы қосулы.