Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада үздік волонтерлер марапатталды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен республикалық Волонтер жылының қорытынды жабылу рәсімі өтті. 
Онлайн форматтағы жиында Президент қиын кезеңде қайырымдылығын аямаған, бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген барша азаматқа, азаматтық қоғам белсенділеріне, соның ішінде волонтерлерге ерекше алғысын білдірді. Шарада әр аймақтың белсенді жастары онлайн режимінде қатысып, еріктілік қызметіне арналған өз жобалары мен бастамаларының нәтижелерін баяндады.
Елордадағы фронт-кеңсе орталығына жиналған еріктілер пандемия кезеңінде қолға алған әлеуметтік-қоғамдық бағыттағы жобалары мен ұсыныстарын жеткізіп, волонтерлер жылында әр аймақтың атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. 
Жиында әр облыстың еріктілері тікелей байланысқа шығып, жыл көлемінде атқарылған жұмыстары мен ерекше жобаларын атап өтті. 
Мемлекет басшысы қоғамдық өмірдің дамуына қажет игі бастамалар мен қайырымдылық жобаларды жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, еріктілік қызметін жетілдіруге арналған «Жол картасын» қабылдау қажеттігін атап, жиынды қорытындылады.
Шарадан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірде азаматтық белсенділік танытып, күрделі кезеңде қайырымдылық танытқан азаматтардың еңбегін атап өтті. 
- Бүгін міне өздеріңізбен бірге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Волонтер жылының ресми жабылу салтанатына куә болдық. Осы тұста игі бастамалардың басында жүрген 1000-ға жуық аймақ волонтерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Мұның барлығы – еткен еңбектің, төккен тердің жемісі. Баршаңызға алғыс білдіреміз,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Салтанатты жиында әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлер тобын, отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарды көтермелеуге бағытталған «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы табысталды. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған үміткерлер арасынан Сыр елінің 3 волонтері сыйлық иегері атанды. Олардың қатарында «Жылы жүрек жастар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, BIRGEMIZ:QAMQOR бағытының жетекшісі Сағатбек Сиюов, Қармақшы аудандық аурухана бөлімінің бас акушері, волонтер Әсем Мерекова мен К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің маманы, волонтер Айдынбек Скендиров бар.
Сонымен бірге облыс әкімі пандемия кезеңінде қоғамдық қызметтің бел ортасынан табылған 3 белсенді жасқа «Халық алғысы» төсбелгісін табыстады. Еңбегімен ерекшеленген «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і директорының орынбасары Талғат Тлес, «Jas Otan» Жастар қанаты» облыстық филиалының кеңесшісі Асем Какарманова, «Өңірлік коммуникациялар орталығы» КММ-нің маманы Ержан Жамбыл құрметке бөленді. 
Айта кетейік, Қызылорда облысы республика бойынша осы жылдың басында алғашқылардың бірі болып 700-ге жуық еріктіні біріктіретін "Сыр еріктілері штабын" құрды. Мемлекет басшысының қолдауымен мыңнан астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Еріктілер мен кәсіпкерлер тарапынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандарға 11 баспана салынды. "Birgemiz Qyzylorda" қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасына көмек көрсетілді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: