Жыл басынан бері еріктілер 47 отбасына азық-түлік алып беріп, көмек көрсетті. Қала тұрғындары әлеуметтік желі арқылы волонтерлерге хабарласып, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету туралы ниетін білдірген.
– Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған әлеуметтік дүкен бар. Бізді биылғы көмектесуге ниет білдірушілердің қатары артқандығы қуантып отыр. Өздеріңіз білесіздер, волонтерлер пандемия кезінде халыққа көп көмектесті. Тіпті медициналық мекемелерге де барды. Тағы бір айта кететін жайт, осы жылы Шанхай мөлтек ауданында бір тұрғынның үйі өртке оранды. Сол уақытта, мешіт жамағаты мен еріктілер жиналып, қолдан келгенше қаржылай, заттай көмек көрсетті. Сондай-ақ, волонтерлер «Зекет» қорының түсірген арнайы бейнеролигін әлеуметтік желіде таратып, халықтың апатты жағдайға жәрдемдесуне біршама ықпал етті, – деді «Волонтерлер фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.
Еріктілер қаңтар айында қар қалың жауған тұста «Қызылорда тазалығы» мекемесіне көмектесті. Желтоқсан көшесінің бойын және орталық алаңның қарын тазалады. Сондай-ақ, «Жылы жүрек» еріктілер ұйымымен біріге отырып, аталмыш мекеменің қызметкерлеріне ыстық тамақ таратты.