Ауданда құс шаруашылығын шыр айналдырып, берекелі кәсіптен нәсіп тауып отырған азамат бар. Ердос Мейрамбекұлы 1992 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, жоғарғы оқу орнын Алматы қаласындағы еліміздің ең ірі оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тәмамдаған.
Арманы асқақ, мақсаты анық жігіт үлкен қалада білім алып, тәжірибе толықтырғанымен «Ер – туған жерге» деген тәмсілді ұмытпай, ат басын туған жерге бұрған.
Ең алғашқы кәсібін 2017 жылы орталық монша жұмысымен бастаған Ердос мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы қолдау көріп, бірыңғай кәсіпкерлікке бет бұрған.
2018 жылдан бастап құс өсіруді қолға алған ол құстарға ерекше күтім мен уақыт қажет екенін айтады. Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ең жаңа әрі ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Адам ағзасына қажетті нәруызды алуда құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше. Қауырсыны тұрмыс қажеттілігін өтесе, саңғырығы – сапалы тыңайтқыш.
– Мемлекетіміз кәсіппен айналысам дегендерге ұдайы қолдау көрсетеді. 2019 жылы «Кәсіп ашуға – 505 мың теңге» деп аталатын бағдарлама аясында грант ұтып алдық. Ол ақшаға инкубатор сатып алып, жұмысты жандандыра бастадық. Кейін осындай мемлекеттік бағдарламаларды жібермей қарап отыратын болдым. Түрлі конкурстарға қатысып, нәтижесінде 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант негізінде қайтарымды көлемді қаржыны жеңіп алдық. Ол ақшаға кәсіпті үлкейтуге септігін тигізетін, бір дегенде 500-1000 балапан басып шығаратын инкубатор алдық. Қазір шаруа біршама жолға қойылды, – дейді жеке кәсіпкер.
Қазіргі таңда 2000-дай балапан өсіріп отырған кәсіп иесі тауықтың қазақы тауықтан өзге түрлерін өсіріп, көбейтуді қолға алған. Жұмыртқаны шет елдерден алғызып, күтімін жасап, көбейтіп, жұмыртқа мен құс етін арнайы мамандардың рұқсатымен ірі сауда орталықтарына өткізеді. Чехиядан арнайы тауық жұмыртқаларын алдырған кәсіпкер қазіргі таңда ломан браун, леггорн, кобб 500 деп аталатын тауық түрлерін өсіріп отыр. Алғашқы екеуі өнімді, тез көбейгіш қасиетке ие болса, кейінгісі етті құс саналады.
– Жұмыртқалағыш және етті бағытта өсірілетін тауық қол тұқымдары бар. Қай шаруаның да оңайы жоқ. Десек те, дәл осы құс түрінің арнайы күтімі бар. Таңнан кеш батқанша бір адамның басы-қасында жүруін талап ететін жұмыс. Оған бізде арнайы маман бар, – дейді жеке кәсібі айналасында жалпы 4 адамды жұмыспен қамтып отырған Ердос Бақторазов.
Аудандағы «Керемет» моншасының жұмысын жандандырып, тұрғындарға керемет жай жасап жүрген кәсіпкер құс етімен, жұмыртқамен дүкендерді қамтамасыз етеді. Жаңа кәсіпті бастаған Ердос алдағы күндері құрылыс заттары дүкенінің ашылу салтанаты өтетінін сүйіншілей жеткізді.