Қызылорда облысында жыл басынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 7,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 666 жобасы қаржыландырылып, 498 жобаға 2,9 млрд теңге көлемінде кепілдік ұсынылған.
Бағдарламаның несие портфелі өткен жылмен салыстырғанда, 6 есе ұлғайды. Оған екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлердің жобаларына мақұлдама беру тәртібі автоматтандырылған «скоринг» бағдарламасына қосылуы оң септігін тигізді. Бұдан өзге, биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 300 млн теңгеге 10 жоба қаржыландырылды. Жалпы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі пандемия кезеңінде аса зардап шеккен бөлшек сауда, жолаушылар тасымалдау, қоғамдық тамақтану сияқты шағын қызмет саласында жұмыс жасайтын микрокәсіпкерлік субъектілерінің үлесінде.
Бұдан бөлек, қаржыландыру Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Аграрлық несие корпорациясы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы сияқты түрлі қаржы ұйымдары арқылы іске асырылуда. Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қосымша 3 млрд теңгеге жуық қаржы тартылуда.