Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Президенті Ян Миньюймен кездесіп, өңірдің даму мәселелерін талқылады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ құрылыс және сыртқы байланыстар жөнінде вице-президенті Болат Көшербаев қатысты.
Жиында аймақ басшысы мұнай өндіру көлемі жыл сайын 10-12% азайғанын алға тартып, өңірдің даму қарқынын сақтап қалу бағытындағы бірқатар маңызды іс-шараларды қолға алуды ұсынды. Оның ішінде, табиғи газ және мұнайдың экспорт көлемін ұлғайту, жаңа кен орындарын игеру және ғылыми зерттеулер саласын қолдау сынды жұмыстарды жүргізу қажеттілігін атап өтті.
- «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсін биылғы жылдың 4 тоқсанында іске қоссақ, мұнай экспортының көлемін 50%-ға дейін ұлғайтып, компания табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте аталған қаражат мұнай сервистік компаниялардың тарифтері мен еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға бағытталуы тиіс. Соңғы 13 жыл ішінде компанияның қызметтік тарифтері өзгертілмеді. Осы саладағы қызметкерлердің жалақысы мұнай өндіруші компаниялар қызметкерлерінің жалақысынан 3-4 есе төмен екенін ескере отыра, мұнай сервисі саласындағы тарифтерді ұлғайту қажет, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы республикалық бюджет есебінен Сырдария, Шу-Сарысу және Арал шөгінді бассейндерін зерттеу жұмыстары басталғанын мәлімдеп, қолданыстағы контрактті аумақтардан бөлек жаңа перспективті аймақтарда барлау жұмыстарын бастауды ұсынды. Мұнан бөлек, «Петро Қазақстан Инк» құрамындағы мұнай компанияларының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыру мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақтағы спорт саласының дамуы, оның ішінде, «Қайсар» футбол клубына қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Ян Миньюй облыс әкімі көтерген мәселелерді мұқият зерделейтінін айтып, мемлекет тарапынан мұнай өндіруші компанияларға көрсетілетін қолдау шаралары үшін алғысын білдірді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі мұнай компаниясының басшысына жұмысшылармен тыңғылықты жұмыс жасап, бірқатар мәселелерді бірлесіп шешу қажет екенін ескертті.