Сыр елінде жаңа жыл мерекесіне тарту ретінде түрлі әлеуметтік нысандар ашылып, халық игілігіне берілуде.Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа бөбекжай-бақшасы мен екі мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
Мереке қарсаңында Ақүйік ауылдық округінің Бірлік ауылында 90 орындық «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасы ашылды.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын келе жатқан мерекемен құттықтап, биылғы жыл Сыр өңірі үшін табысты әрі нәтижелі болғанын тілге тиек етті.
«Президентіміз биылғы жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуға ерекше тоқталды. Бүгінгі күні аймақта 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу көрсеткіші 85,6%-ды құрайды. Алдағы уақытта, балабақшалар желісін ұлғайтып, жеке секторларды тарту арқылы көрсеткішті 100%-ға жеткізетін боламыз. Биыл облысымызда 19 балабақша, 6 мектеп, Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді. Оның ішінде Жаңақорған ауданында құны 3 млрд. теңгені құрайтын 2 мектеп пайдалануға берілуде.
Бүгін міне, Бірлік ауылында балбөбектерімізге сый ретінде 90 орындық «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасы есігін айқара ашты. Нысанның салынуына бюджеттен 366 млн. 900 мың теңге қаржы бөлінді.
Білімнің бесігі – балабақша іші бүлдіршіндердің күлкісіне толы болып, бөбектеріміз білім, тәрбие нәрімен сусындап, еліміздің ертеңі болар ел тұтқасына айналсын!», - деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында ел ағалары жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жиналған қауымға бата берді.
«Біздің Бірлік ауылымызда 2,5 мыңдай адам тұрады. Міне, бүгін көптен бері күткен мемлекеттік балабақша ашылды, алдағы уақытта табиғи газ да қосылып, жолдар жөнделеді екен. Барлық түйткілді мәселелер орнықты шешіліп келеді, бұл біздерді қуанышқа бөлеуде», - деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әріпбек Асанұлы.
Әрі қарай аймақ басшысы мен ел ағалары бөбекжайдың жұмысымен танысып, жаңажылдық шыршаға келген бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар таратты және балабақша әкімшілігіне теледидар сыйға табыстады.
Мұнан кейін облыс әкімі Жаңақорған кентіндегі 300 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
«Президентіміздің қолдауымен биыл облысымызда 19 балабақша мен 6 мектеп ашылды. Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі бой көтерсе, бүгінде Жаңақорған ауданында құны 3 млрд. теңгені құрайтын 2 мектеп пайдалануға берілуде.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептердің санын жоюға мүмкіндік береді.
Келесі жылы 19,6 млрд. теңгеге, 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл алда атқаратын негізгі жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана», - деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада зиялы қауым өкілдері келешекте осы білім ұясынан талантты шәкірттер түлеп ұшып, аймақ абыройын еселей түсетінін жеткізді.
Шараға жиылғандар мектепті аралап, оқушылармен сұхбаттасты және оларға велосипед пен тәтті сыйлықтарды табыс етті.
Қуанышты күнде бүгін аудан орталығында 600 орындық Н.Илялетдинов атындағы орта мектеп ашылды.
Аймақ басшысы Н.Нәлібаев кент тұрғындарын құттықтап, алдағы уақытта да Сыр өңірінде, оның ішінде Жаңақорған ауданына ауқымды жобалар іске асырылып, көптеген жаңа әлеуметтік нысандар ел игілігіне табысталатынын жеткізді.
Іс-шарада қоғам қайраткерлері жайлы әрі заманауи мектеп жас ұрпақтың білім мен ғылымға ден қоюына жол ашсын деп ақжарма тілегін қосты.
“Шын мәнінде, жылдан-жылға ауылда тұратын отбасылар көбейіп, дүниеге нәрестелер келуде. Сөзсіз, мектеп қажет. Ауыл арасы жақын жерден қатынап оқитын балаларымыз үшін бұл мектептің ашылғаны барша ата-анаға қуаныш сыйлады,-деді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, Жаңа жылға арналған мерекелік іс-шаралар өткен аптада бастау алды. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, орталық алаңда бас шырша шамы жағылды. Мереке қарсаңында 110 отбасы жаңа пәтер алып, қоныс тойын тойлады. Мұнан бөлек, облыс әкімдігінде Президенттік шырша өткізіліп, Қазалы ауданында 3 ауыл газдандырылды және 140 орындық балабақша ашылды. Жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.