Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жаңа стадион жарқын жетістікке жол ашады

Облыс орталығының сол жағалауында бой көтеріп жатқан жаңа стадион күннен-күнге жергілікті жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып келеді. Бұл – елімізде тәуелсіздік жылдарында іргесі қаланған үшінші стадион. Қазірге дейін «Астана-арена», «Түркістан-арена» секілді спорттық ғимараттар ел игілігіне айналды. Ендігі кезекте Сырдың бас қаласында зәулім спорт нысаны бой тіктеп келеді.

Екі жылдай бұрын жергілікті жанкүйерлермен жүздескен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев олардың жаңа стадион салу жөніндегі ұсынысын құп алды. Былтыр облыс басшылығының қолдауымен жаңа стадионның іргетасы қаланды. Бүгінде құрылыс басынан қызу тіршілікті көресіз.
Қызылордаға жаңа стадионның керектігі осыған дейін де талай мәрте айтылып жүрген мәселе еді. Салынғанына 60 жылға жуықтаған бұрынғы ғимараттың көнелігі көзге ұрып тұратын. Қазақстан халқының бірлігі күні қаланың сол жағалауынан жаңа стадионның іргетасы қаланды. Атауы да айбынды – «Қызылорда Арена» стадионы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа стадион салынатынын «Қайсар» футбол клубының мерейтойында сүйіншілеген болатын. 
«Мен өткенде «Қайсар-Жетісу» кездесуінен кейін жанкүйерлерге «Қайсар» командасының заманауи стадионын салуға уәде берген болатынмын. Ресейдің Краснодар қаласында былтыр 12 миллион долларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынған екен. Келесі жылы біз де демеушілер көмегімен сондай еңселі жаңа стадион салуға ниеттіміз. Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысқа демеушілік жасауға ынталы компания бар, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз, – деген еді облыс әкімі.
Кезінде Алматының «Қайрат» командасының жейдесін киіп, талай мәрте жасыл алаңда тәмам елді шеберлігімен тәнті еткен Тимур Сегізбаев ағамызды қазақ халқы олардан бір мысқал да кем көре қоймайды. Қысқасы, футбол өнері қазақ даласында да қарыштап дамып, көпшілікті өзіне еріксіз баурап алғаны анық.  Біздің елімізге спорттың бұл түрі қашан келді? Оны қандай азаматтар насихаттай білді? Рас, бұл жайында нақты деректер кездесе бермейді. Өйткені, кезінде ол мәселе көп зерттеле қойған жоқ. Білетініміз, 1913 жылы Семей қаласында «Ярыш» атты команда құрылып, онда құрамында қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов те ойын көрсетке
1968 жылы қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион елдің игілігіне айналып, онда жергілікті команданың тұңғыш ресми кездесуі өткізілді.  Жиырма жылдан астам қызылордалық клубтың құрамында тер төккен Әбіл Қалымбетовпен ол кісінің көзінің тірісінде біраз әңгімелескен едік. Өзінің футболшылық өмірін тек бір ғана командаға арнаған жан өткен шақтан бізге қызықты мәліметтер келтірді. Өзі де жасыл алаң төрінде жанкүйерді желпіндіріп, талай мәрте елдің алғысына бөленіп үлгерді. Шеберлігі арқасында жерлестерін қаншама рет тәнті еткенін көпшілік әлі де ұмыта қойған жоқ. 
Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдар шамасында Қызылордадағы кейбір еңбек ұжымдарында әуесқой негізде команда құрылып, бір-бірімен өзара тартысқа түскені жайлы деректерді сол кездерде шыққан мерзімдік басылым беттерінен айқын аңғаруға болады. Мұндай кездесулер жергілікті жастардың футболға қызығушылығын одан әрі арттырып, шеберлігін жетілдіре түсті. Әрине, бұл уақытта Қазақстанның өзінде кәсіпқой клубтар әлі де тұсауын кесе қоймаған кезі болатын.
Команда атауы алғашқы жылда үш мәрте өзгеріпті. Әуелгіде «Қызылорда» атанған ұжым мамыр мен шілде аралығында «Волна» деген атаумен ел біріншілігінде облыс намысын қорғады. Сол жылдың шілдесі мен 1973 жылдың соңына дейін «Автомобилист» клубы ретінде бәсеке көрігін қыздырды. Біздің ұжым 1974-1978 жылдарда «Орбита», 1979-1989 жылдарда «Мелиоратор» атанды. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыт шінде команда атауының бірнеше мәрте өзгеруіне оған қаржылай көмек көрсеткен мекеменің ауысуы себеп болған. Еліміз бостандық байрағын бекем ұстаған тоқсаныншы жылдардан бері «Қайсар» жергілікті жанкүйердің сүйікті клубына айналып отыр.  
Сол уақытта қызылордалық өрендер футболға ерекше қызығушылық танытты, – деді бізбен әңгімесінде ол кісі. – Қазіргідей жасыл алаңдар мүлдем жоқ-ты. Біз оған қарамайтын едік. Айтақыр шаңның үстінде күнұзақ доп қуалап жүретінбіз. Кейде үлкендер жағы біздің бұл тіршілігімізге қынжылыс білдіріп жататын. Осылай жүріп, футболдың қыр-сырын біршама меңгеріп алдық десек те болады. Өскеннен кейін бірқатар еңбек ұжымдарында ойын көрсете бастадық. Қызылорда топырағында тұңғыш мәрте кәсіби клуб құрылған кезде мен жиырма жасқа жақындап қалған едім. Оған Петр Боголюбов, Виктор Шишин, Юрий Дедиков сынды білікті мамандар бапкерлік жасады.
Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының мәліметінше, жаңа нысан УЕФА-ның үшінші санатының талабына толықтай сай келеді. Бұл талап бойынша команда еурокубоктың топтық кезеңіндегі ойындарын да өз стадионында өткізуіне мүмкіндігі бар. Мұнда 11 мың жанкүйер емін-еркін сияды.
Жергілікті «Нұрлы тау» компаниясы ауқымды жобаны жүзеге асыру жұмысын қолға алған. Компания облыста 2007 жылдан бері құрылыс саласында жемісті еңбек етіп келеді. Тәжірибелі ұжым аталған маңызды нысанның құрылысын жүргізу барысында да тыңғылықты ісімен көзге түсіп отыр.
Ауқымды жұмысты межелі мерзімінде аяқтауға күш салып келеді.
Стадион құрылысы қалай жүріп жатыр? Осы мақсатта құрылыс басына келген сәтімізде бізді компания өкілі Дәурен Ташпенов қарсы алды. Алдымен болашақ стадионның макетімен таныстық. Алғашқыда 7 мың адамға арналған спорттық нысан қайта талқылау барысында тағы 4 мың адамға ұлғайтылған. Осылайша жобаға түзету енгізілмек. Бұрын жанкүйерлер стадионның екі жағында отырады деп жоспарланған еді. Енді екі қақпаның артында да екі мыңнан жанкүйерге арналған орындар орналасады.
– Айта кетсек, жаңа стадион үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Негізгі мақсат – онда халықаралық деңгейде ойындар өткізу. Оған толықтай сай келеді. Әрбір мәселеге жіті назар аударып отырмыз. Стадионның жалпы аумағы – 24323,8 шаршы метр. Ғимараттың ішкі бөлігінде тоғыз спорт залы, түрлі үйірмелер орналасады. Ол орындар да жас өрендердің тыңғылықты дайындық жасауына мүмкіндік туғызады.
Сондай-ақ дренажды жүйе мәселесі ескеріледі. Ол жауынды күндерде судың тез сіңіп кетуіне оң әсерін тигізеді. Бұл жұмыс шетелдік жауапты мамандардың қадағалауы бойынша жүзеге асады, – деді ол.
Атап өтерлігі, жанкүйерге арналған орындардың төбесі металл шатырмен жабылады. Бұл – құрылыстың маңызды тұсының бірі. Компания мамандарының аталған істен мол тәжірибесі бар. Бұрынғы жылдары металл құрылғыларын жасаумен айналысқан. Трибунаның биіктігі мен жанкүйер орны еуропалық стандартқа сай келеді. Стадионға келген әрбір адам еш кедергісіз ойынды тамашалай алады. Бұрынғы стадиондағы секілді шатырды тіреуге арналған құбырлар орнатылмайды. Оның орнына ашық кеңістік, отыруға қолайлы орындықтар қойылады. Бұл адамға жайлы. Металл құрылғының барлығы жергілікті жерде дайындалған. Жанкүйерге қолайлы болу үшін екі табло қойылады. Сол арқылы стадионға келушілер көбірек ақпарат алады. Оған қоса әрбір орындыққа нөмір жазылады.
Бұл ретте құны 20 млрд теңгелік жаңа стадион халықаралық талаптарға сай болмақ. Айталық, УЕФА ареналар үшін төрт санатты белгілеген. Оған сәйкес, 4- санатқа жету үшін, яғни ескі классификация бойынша 4 және 5 жұлдызды стадионға үлкен құрылым қажет. Нысан үлкен және егжей-тегжейлі тізімге сәйкес келуі керек. 2010 жылы УЕФА бекіткен ережеге сәйкес, 4-санат ең жоғары саналады. Мұндай стадиондар ең жоғары деңгейдегі матчтарды қабылдай алады. Сол жағалаудан салынып жатқан стадион осы УЕФА классификациясы бойынша 3- санатқа ие.
Көпбейінді нысан тұтас кешен ретінде қызмет көрсететін болады. Оған қоса, арена футболшылардың жаттығу залымен шектелмейді. Аумағы 7,5 гектар жерді алып жатқан стадионның жалпы ауданы 24,3 мың шаршы метр. Нысан 9 спорт залымен – аумағы 553 шаршы метр бокс залы, 342 шаршы метр күрес, 213 шаршы метр жаттығу залы, 134 шаршы метр ауыр атлетика залы, 213 шаршы метр футболшылардың жаттығу залы, 244 213 шаршы метр йога, 1 мың 213 шаршы метрден астам гимнастика-акробатика, 151 213 шаршы метр сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылады. Жаңа стадион Сыр спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайтынына сенім мол.
Сондай-ақ УЕФА талабы бойынша стадион айналасында 1000 автокөлікке арналған тұрақ болуы тиіс. Алғашқыда ол 200 автокөлікке жоспарланған еді. Қазір кеңейту жұмыстарына мән беріліп отыр. Жанкүйерге қолайлы жағдай туғызу үшін арнайы жол салынады. Ал солтүстік трибуна жағынан серуендеуге арналған аллея іске қосылады. Онда түрлі ағаш пен гүлдер егіледі. Бұл көпшілік үшін жайлы орынның бірі болмақ. Оңтүстік және солтүстік трибуна аралығында кафе мен жеңіл тамақтар сататын орындар орналасады. Аталған орындар жалға беріледі.
Шығыс бөлігінде олимпиадалық спорт түрлерінен арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Олардың төбесі биік болады. Ал батыс трибуна «Қайсар» футбол клубына беріледі. Онда киіну бөлмесі, суға түсу орны, жаттығу және акт залы және өзгеде ғимараттар қарастырылған. Әрбір трибуна бойынша тоғыз кіру орны белгіленеді. Сол арқылы жанкүйердің стадионға емін-еркін енуіне барынша қолайлы жағдай жасалады.
Жоба бойынша лазерлік жарықтандыру көзделген. Ал стадион айналасына егілетін ағаштар мен өзге де жасыл желек Қызылорда климатына толықтай сай келеді.
– Құрылысқа пайдаланып жатқан барлық материал – жергілікті өнімдер. Олардың қатарында газоблок, кірпіш, металл, шыны және тағы басқа материалдар бар. Қазіргі уақытта құрылысқа 200 адам мен 20 техника тартылған. Жұмыс басталмастан бұрын бұл аумақ тегістелді. Сондай-ақ 2,5 метр тереңдікте іргетас қаланды. Ол құрылыстың мықты болуына дәнекер, – деді Д.Ташпенов.
Жаңа құрылыста заманауи жетістіктер ойластырылған. Мәселен, жарық сөніп қалған жағдайда қосымша дизельді генератор іске қосылады. Ал оны қаптауға арналған шыны соққыға төзімді және жарықтың шағылысуына арналған.
Қысқасы, бұл – Қызылорда қаласының тарихында ірге көтерген ең маңызды нысанның бірі. Облыс әкімінің батыл бастамасымен жүзеге асып жатқан бірегей жоба халықтың игілігі.
Қазіргі таңда стадион құрылысының 75 пайызы аяқталды. Сәйкесінше, батыс және шығыс трибуналарына металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. 
Сондай-ақ, футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу, аумақты абаттандыру және сыртқы аумаққа тас төсеуіш орнату, ғимаратқа электр желілерін жүргізу жұмыстары қолға алынған. 
Айта кетейік, жаңа стадионда жасыл алаңнан бөлек, спорттың бірнеше түріне арналған спорт залдары қарастырылған. Атап айтқанда, бокс, күрес залдары, көркем гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және жаттығу залдары қамтылады.
Өңірде «Қайсар» футбол клубының жанынан орталықта 600-ден астам жастар аталған спорт түрінің қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгеруде. Жасөспірімдерге УЕФА-ның талабына сәйкес А,В,С категориялы 26 бапкер қызмет көрсетеді. 2014 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан орталық «Қайсардың» құрамына бірнеше футболшыны даярлап шығарды. Алдағы кезеңдерде де футболды дамыту үшін «Қайсар» футбол орталығының жұмысын одан әрі академияға ұластырып, балалар фуболының дамуына оң динамика жасау қажет. Бүгінде «Қайсар» футбол клубы Академия құруға байланысты алғашқы жұмыстарын бастап кетті. 
Қазіргі таңда облыстағы футбол әлеуеті мол. Балалар футболын дамыту мақсатында биылдан бастап «Қайсар» футбол орталығына әлемдегі ең мықты клубтар саналатын «Барселона», «Милан», «Ливерпуль», «Рома», «Андрелехт» секілді командаларда тәжірибе жинақтаған білікті мамандар еңбек етуде. Олардың қатарында Игорь Шпанера мен Дмитрий Васильев секілді шеберлер бар. Шеттен келген мамандар бапкерлер мен футболшылардың деңгейі мен шеберлігін шыңдауда. Футбол орталығындағы тәрбиеленушілерді жігерлендіру мақсатында үздік ойын көрсеткен футболшыларға шәкіртақы тағайындалмақ.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: