Кәсіпкерлерден стандартта көрсетілмеген құжаттар сұрайтындар бар
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – жергілікті атқарушы органдардан кәсіпкерлік мәселесіне қатысты түскен нормативтік-құқықтық құжаттардың жобасын қарап, оларды жетілдіруге қатысты ұсыныстар беру.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу барысында және өзге де мәселелерде әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған. Есепті кезеңде Кәсіпкерлер палатасына «Мемлекеттік қызметтердің регламенттерін бекіту туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 32 қаулысының жобасы түсті. Аталмыш регламенттер мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты аясында көрсетуді мақсат тұтады.
Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 3 желтоқсандағы № 126 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттерін әзірлеу жөніндегі қағидаларына» сай регламенттерде мемлекеттік қызмет көрсетуші үшін қажетті құжаттардың тізімі мен ақпараттар болуы қажет. Алайда Кәсіпкерлер палатасына сараптамаға ұсынылып жатқан регламенттердің жобасында аталмыш тізімдер жоқ. Нәтижесінде қызмет көрсетуші мемлекеттік қызмет алушыдан стандартта көрсетілмеген құжаттар сұрап, негізсіз қызмет көрсетуден бас тарту фактілері де кездесуде.
Бұл мәселеге қатысты Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы директоры Дархан Мырзалиев «Мамыр айында облыстық прокуратура және ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл Агенттiгiнiң Қызылорда облысы бойынша департаментiмен бірлесіп қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне тексеру жүргізу барысында осындай жайттың куәсі болдық», - дейді.
Мұндай әкімшілік кедергілерді алдын алу мақсатында, Кәсіпкер палатасының қызметкерлері мемлекеттік қызметтер регламенттерінің жобасына сараптама жасау қызмет көрсетуші мекеме басшысына стандарттар талабының орындалуын ұдайы қадағалауды ұсынуда.