ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
2015 жыл Қазалы ауданы үшін жағымды жаңалықтармен есте қалды. Аудан тұрғындары алдындағы есепті кездесулерін қорытындылаған аудан әкімі Нажмадин Шамұратов бүгін осылай дейді.
Қорытынды жиынға облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты. Алдымен Әйтеке би кентінің әкімі Самат Аманов, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Тәжібай Мырзабек есепті баяндамаларын жасады.
Одан соң аудан басшысы өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, 2016 жылға межеленген жұмыстар туралы баяндады.
Аудан тұрғындарына коммуналдық қызмет көрсету деңгейі ілгеріледі. Себебі, Қазалы ауданы - орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған бірден-бір аудан. Өткен жылы «аудан орталығы Әйтеке би кентінің жылумен қамту жүйесін кеңейту» жобасы аяқталды. Жоба бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 18 нысанның қосылуы қаралған.
Жылумен қамту мәселесі бойынша өткен жыл аудан тұрғындары үшін ерекше жыл деп айтуға болады. Халық игілігіне көгілдір отынның алғашқы кезегі қосылды. Қазіргі таңда кентішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Кездесу соңында аудан әкімі Н.Шамұратов тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға нақты жауап берді. 95 жастағы соғыс ардагері Пірназар Мырзатаев ақ батасын берді.